Асанас қалашығында кешенді археологиялық қазба жұмыстары басталды
Алтын Орданың 750 жылдығы аясында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Асанас қалашығында кешенді археологиялық қазба жұмыстары бастау алды.
Қазбаны Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізуде. Қазба нәтижесімен аршылған маңызды нысандар консервацияланып, табылған жәдігерлер облыс музейлерінің қорларына өткізілетін болады.
Асанас қалашығы Алтын Орда дәуірінің эталонды ескерткіштерінің бірі екені анық. Сондықтан да, археологиялық зерттеу жұмыстары бұдан кейінгі жылдары да жалғастырылатын болады. Сонымен қатар, қорғау аймағына сәйкес қалашықтың аумағын қоршау жұмыстары жоспарланған.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында қалашық Өңірлік қасиетті нысандар тізбесіне енгізіліген жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші болып табылады. Қызылорда қаласынан оңтүстік шығысқа қарай 48 шақырым, ал Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 8 шақырым қашықтықта орналасқан.
Асанас қалашығы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қалашықтардың біріне жатады. Ірі экономикалық, сауда-саттық, аумақтық маңызы бар орталықтарда қазандай қайнаған тіршіліктің бәрі осы тарихи шаһарлар арқылы жалғасып жатыр. Жазба деректерде моңғол шапқыншылығынан бастап белгілі. Жауға табанды қарсылық көрсеткендіктен жермен-жексен қиратылып, халқының көпшілігі қырғынға ұшыраған. Сырдарияның бойындағы басқа да қалалар сияқты көп ұзамай қайта қалпына келтіріліп, ХІҮ-ХҮ ғасырларға дейін өмір сүрген. Алғаш 1899 жылы В.А.Каллаур, кейінірек 1960-1961 жылдары, 1968 жылы Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (Н.Н.Вактурская) зерттеген.