Бестам обасы б.з.д. І-мыңжылдықтың бірінші жартысына жататын археологиялық ескерткіш.
Қармақшы ауданы Тәйімбет Көмекбаев ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 119 шақырым, Шірік-Рабат қалашығынан оңтүстік батысқа қарай 35 шақырым жерде, Жаңадария өзенінің сол жағалауында орналасқан.
Бұл тарихи нысанды 1957 жылы С.Толстовтың жетекшілігімен Хорезм экспедициясы анықтап, зерттеу жұмыстарын жүргізген. 2006 жылы Ә.Марғұлан атындағы археология институтының «Шірік-Рабат» археологиялық экспедициясы Жолдасбек Құрманқұловтың жетекшілігімен қайта зерттеп, географиялық координаттарын анықтады және фотосуретке түсіру жұмыстарын жүргізді. Бұған қоса, 2013 жылы «Тараз» ЖШС археологиялық ғылыми орталығы зерттеген.
Бестам обасы шағын табиғи төбенің басында орналасқан. Ол төбе бетіндегі ұсақ тастармен үйілген. Оба биіктігі – 4 метр, диаметрі – 72 м.
Оба ежелгі уақытта тоналған, оған ортасындағы пішіні төртбұрышты шұңқыр дәлел бола алады. Осындай ұрылардан қалған шұңқырдың пішіні жерлеу камерасының пішініне байланысты болуы мүмкін. Шұңқырдың тереңдігі – 2 метр.
Обаның шығысы мен солтүстігінде оба үйіндісінен қазылып алынған топырақ орнынан ор мен жал ізі байқалады.
Ескерткіш алдын-ала есепке алынған тарихи-мәдени мұра объектісі тізіміне алынды. Аталған ескерткіштің төлқұжаты дайындалып, мемлекеттің қорғауында екені жазылған қорғау тақтасы орнатылды.