Жаңару айын жақсылыққа балаған сырбойылықтар сенбіде "Денсаулық және демалыс" саябағында көшет отырғызып, экологиялық акцияға үн қосты. Наурыз мерекесі аясында өткен шарада зиялы қауым, түрлі сала қызметкерлері мен белсенді жастар және еріктілер аллея алаңын көшетпен көмкерді.
Саябақ ішінде қызылордалықтар терек, қарағаш, үйеңкі ағаштары сынды 700 түп ағаш екті.
Игі бастамаға қолдау білдірген облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова көппен бірге көшет егіп, әрбір тұрғын тазалықты өз ауласынан бастап, қала аумағын жасыл-желекпен көмкеруге үлес қосуы тиіс екенін айтып, сырбойылықтарға жаңару айында бақ-берек тіледі. Мұнан соң аймақ басшысы аллея ішінде экоакцияға үлес қосқан жастармен пікірлесіп, ақжарма тілегін арнады.
Тазалыққа үндейтін сенбілік сәтте қызылордалықтардың басын қосқан "Бірге Таза Қазақстан" экологиялық акциясы әрі қарай жалғасын тауып, өңірді жасыл желекке айналдыру үшін түрлі деңгейдегі сенбіліктерге ұласады.