ӨҢІРДІҢ МАКРОЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕРІНДЕ ӨСУ ТЕНДЕНЦИЯСЫ БАР
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің орталығында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау және қаржы басқармасының басшылары баспасөз конференциясын беріп, 2016 жылы атқарылған жұмыстарын қорытындылады.
Баспасөз конференциясы барысында басқарма басшысы Сәуле Құлымбетова 2016 жылы өңірдің бірқатар макроэкономикалық көрсеткіштерінде өсу тенденциясы бар. Жұмыс орындарын сақтау және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау бойынша қойылған міндеттер орындалуда. 2016 жылы экономика салаларында 11206 жаңа жұмыс орны құрылса, оның 9873-сі тұрақты, - деп мәлімдеді.
- Облыс көлемінде 2016 жылдың 3 тоқсанында жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрап, республикалық орташа көрсеткіш – 4,9 пайыз. Халық алдында әлеуметтік міндеттемелер орындау бойынша қарыздар жоқ. Жыл бойы тұтыну бағаларының индексі республика бойынша орташа көрсеткіштен төмен болып қалыптасты. 2016 жылдың қорытындысымен ол 108,4 пайыз деңгейін құрады, республика бойынша – 108,5 пайыз.
Экономиканың нақты секторына келетін болсақ өнеркәсіптің өңдеу секторы қарқынды даму динамикасы сақталуда. 2016 жылдың қорытындысымен шикізаттық емес секторда өндірілген өнім 15 пайызға (117 млрд. теңгенің өнімі өндірілді), ал 2012 жылмен салыстырғанда 52 пайызға артты. Өңдеуші өнеркәсіптің даму қарқыны бойынша бүгінде Қызылорда облысы лидер қатарында келе жатыр.
Құны 1,3 млрд. теңге тұратын «Арал тұз» кәсіпорны ас тұзын өндіру желісін іске қосты. Қызылорда қаласындағы шыны зауытының, Шиелі және Жаңақорған аудандарындағы цемент зауыттарының құрылысы жалғасуда. «Бала-Сауысқандық» ваннадий кен орнын тәжірибелік-өнеркәсіптік барлау жұмыстары аяқталды. «Шалқия» кен орнында тау-кен байыту комбинаты құрылысының техника-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстары аяқталды. Тау-кен байыту комбинатымен қатар газ турбиналық электр станциясының құрылысын салу жұмыстары 2017 жылы басталатын болады.
«Самұрық-Қазына» Қоры және Еуропалық Қайта құру және Даму Банкісімен «Шалқия» кен орнындағы тау-кен байыту комбинатының және газ-турбиналық электр станциясы құрылысының қаржыландыру мәселесі пысықталуда.
2016 жылы облыс бюджеті 238,1 млрд. теңгені құрады, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 55,1 млрд. теңгеге ұлғайған. Сонымен қатар, күрделі сипаттағы шығыстар (құрылыс, күрделі жөндеу, құрал-жабдықтар сатып алу) 62,4 млрд. теңгені құрады.