"Тамақ ішіп болған соң жеп қоюға болады": Сербиялықтар ерекше қасық ойлап тапты
Сербиялық стартап пластик қасықтың орнына жеуге жарамды ас үй құралдарын шығара бастады. Яғни тамақ ішіп болған соң қасықты жеп қоюыңызға болады, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.
Банатски-Карловац қаласында орналасқан компания күніне 20 мың қасық жасайды. Оны дайындауда кәдімгі бал мен жұмыртқа қолданады.
Дәмін келтіру үшін какао да қосылады екен. Өндіруші компания тек қасықпен шектеліп қалмақ емес. Алдағы уақытта жеуге жарамды түтікшелер шығармақ.
Еске сала кетейік, осыған дейін ғалымдар пластиктен жасалған қасық-қазан, ожау-шөміш ағзаға улы, зиян екенін айтқан болатын.
Себебі ыдыс-аяқты пластиктен жасаған уақытта, өндірушілер оған ыстық ас пен суға майыспай, еріп кетпес үшін әрі майлы тағамды ұстап тұруы үшін олигомер сынды заттарды қосады.
Бұл полимерге ұқсас қоспа, дейді зерттеушілер. Пластик ыдыстар адамның бала сүю мен ұрпақ қалдыру қабілетіне де зиянын тигізетін көрінеді.