Аралда аурухана екі реанимобиль көлікпен қамтамасыз етілді
«Аралтұз» АҚ аудандық ауруханаға екі реанимобильді көлікті сыйға тартты. Бұл жедел-жәрдем көлігі жағдайы аса ауыр науқастарға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Демеушілік жасаған компания көліктерді сатып алуға 20 миллион теңге қаржы жұмсаған.
- Денсаулық сақтау саласы ауданымыз үшін қашанда маңызды салалардың бірі болып табылады. Сондықтан да демеушілеріміз медициналық мекемелер мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін қолдауға баса назар аударып келе жатқаны қуантады. Алдағы уақытта білікті дәрігерлер басы ауырып, балтыры сыздаған аудан тұрғындарына жаңа көліктер арқылы қажетті әрі сапалы медициналық көмек көрсететін болады деп сенеміз, - деді аудан әкімі Мұхтар Оразбаев.
- Өкінішке қарай, кез келген техниканың жетіспеушілігінен жақындарымыздан айырылып жатырмыз. Дәрігерлерімізге осы маңызды сынақтан өтуге көмектесу үшін біздің компания бар күшін салуда. Біз мұндай қолдау шараларын жалғастыратын боламыз, - деді «Аралтұз» АҚ вице-президенті Нағашыбай Ауезханов.
Ауданда реанимобильді көлік бұған дейін жалғыз болатын. Бір мезетте жағдайы ауырлаған науқастардың барлығына дереу көмек көрсету мүмкін болмады. Енді бұл мәселе шешімін тауып отыр.