Өңірлік коммуникациялар орталығында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қызылорда облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысының орынбасары Ұлбосын Өмірбайқызы және Облыстық жұкпалы аурулар ауруханасының бөлім менгерушісі Ибақыз Шәріпқызының қатысуымен БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз-конференциясы өтті.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын-алу, көктем мезгіліндегі кенеге қарсы өңдеу, залалсыздандыру жұмыстарын тиімді ұйымдастыру мақсатында облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылуда. Үстіміздегі жылдың эпидемиологиялық маусымына Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан «қолайсыз» болып анықталған 100 елді мекеннің тізімі бекітілді.
Жылдан-жылға әсіресе, 2016 жылы ауа-райының күрт өзгеруі конго-қырым геморрагиялық қызбасының жиі тіркелуіне, өршуіне себеп болып отыр.
Кене шағу оқиғасы аса қауіпті жұқпалы аурулар қатарына жатқызылғандықтан, көктемгі кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары наурыз айының 10 жұлдызынан оңтүстік аудандардан бастап кенеге қарсы өңдеу шаралары жүргізілуде. Былтырғы жылы 108 кене шағу оқиғасы тіркелген болса, биыл саны 146-ға жетіп отыр.
Қырым геморрагиялық қызбасы ауруларының алдын алу шаралары аясында барлық елді мекендерде медицина қызметкерлері арасында ауру шыға қалған жағдайда дайындығы және халық арасында кенеден сақтану шаралары туралы көшпелі семинар-тренингтер мен акциялар өткізілуде. Көктемгі науқанға байланысты халық арасында кенеден сақтану шаралары жөнінде насихаттау мақсатында облыстық телеарналар арқылы жүгіртпе жолдармен хабарландырулар беріліп, жергілікті басылымдарға Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу, кенеден сақтану шаралары бойынша мақалалар жариялануда.