Қызылордада теміржолға жұмысқа тұрғызуға уәде еткен адам ұсталды
6 қаңтарда алаяқтың құрбаны болған жергілікті тұрғын қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне келіп арызданды. Белгілі болғандай, бір ер адам «Темір жол» АҚ мекемесіне жұмысқа орналасуға уәде бергенін және одан алдау жолымен қазан айында 210 000 теңге алып кеткенін хабарлады. Бірақ көп ұзамай ақшаны алдап алған ер азамат телефон қоңырауларына жауап бермей, бүгінгі күнге дейін уәде етілген жұмысқа орналастырылу әлі де өз шешімін таппады.
Алаяқты ұстау мақсатында полиция қызметкерлері барлық қажетті жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде қала тұрғыны 1982 жылы туылған алаяқ ұсталды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 190-бабының 1-бөлігі «Алаяқтық, яғни алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен бөтеннің мүлкін ұрлау немесе бөтеннің мүлкіне құқық алу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының басшылығы азаматтарға қырағы болу және бейтаныс адамдарға сенбеу қажеттігін тағы да естеріңізге салады. Несие немесе басқа да әлеуметтік-материалдық көмек алуда күмәнді көмек ұсынатын, сондай-ақ ақша үшін жұмысқа орналасуға уәде беретін әр түрлі алаяқтарға шамадан тыс сенім білдірмеңіз. Егер сіз осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, дереу полицияға 102 нөміріне хабарласыңыз.