Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен шағын және орта бизнестің даму барысы жөнінде кеңейтілген отырыс өтті.
Жиынға тиісті сала басшылары және селекторлық режимде Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері қатысты. Күн тәртібінде 2021 жылдың төрт ай қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестің даму барысы, ауылдық елді-мекен кәсіпкерлерін шағын несиелендіру нәтижесі және алдағы жоспар, шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыру барысы туралы айтылды.
Бірінші мәселе бойынша облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов баяндады.
Биылғы жылы кәсіпкерлік саласындағы бірқатар көрсеткіштерде оң динамикалық өсім байқалады. Атап айтақанда, тіркелген кәсіпкерлік субъектілер санының өсу қарқынына сәйкес облыс республика бойынша - 1 орынға орналасты. Сондай-ақ, жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлер саны бойынша - 2 орында.
Ағымдағы жылдың 1 мамырында облыста тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері7,7 пайызға ұлғайып, 55 498 бірлікті құрады. Ал жұмыс жасап тұрғандардың саны 7,5 пайызға артып, 49 434 бірлікке жетті.
Бөлшек сауда айналымы 94,2 млрд. теңгені құрап, 2020 жылдың сәйкес кезеңіне 100,1%-ға шықса, көтерме сауда айналымы 56,9 млрд. теңгеге жетіп, 102,5%-ды құрады. Жалпы соңғы бес жылдықта өңірде шағын және орта бизнестің өңірлік өнімдегі үлесі 3,5 пайызға дейін ұлғайды.
Биылғы жылы бизнесті жеңілдікпен несиелендіру өз жалғасын тапты. Жыл басынан бері облыста банктермен шағын және орта бизнеске берілген кредиттер портфелі 11 млрд. теңгені құрады. Несиенің 52%-ы саудаға, 9,6%-ы көлік және қоймалау, ауыл шаруашылығы салаларына,3,3%-ы құрылысқа және2,5%-ы өнеркәсіпке, қалған 32,1%-ы өндірістік емес салаға бағытталды. Облыс Бағдарлама аясында жобаларды субсидиялау бойынша өңірлер арасында алғашқы бестік енген.
"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында 2019 жылдан бастап жалпы 9,6 млрд. теңгеге119 жоба, оның ішінде биылғы жылы 300 млн. теңгеге 10 жоба қаржыландырылды.
Бұдан өзге, қаржы ұйымдары арқылы "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл басынан бері 120 адам 521 млн. теңге шағын несиемен қамтамасыз етілді. Ауыл кәсіпкерлерінің үлкен сұранысына ие болған "Қызылорда" өңірлік инвестициялық орталығының жұмысы биылғы жылы да жалғасуда. Орталықпен микрокредит беруге жалпы 800 млн. теңге, оның ішінде облыстық бюджеттен 300 млн.теңге қарастырылған.
Аймақ басшысы қала және аудан әкімдері мен жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма берді.
- Қала және аудан әкімдеріне Ұлттық статистика бюросы және салық органымен бірлесе отырып, макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімін қамтамасыз ету бағытында тиісті шараларды қабылдауды тапсырамын. Мемлекеттік кірістер департаменті облыс көлемінде салық органдарының базасында жалпылама қызмет көрсету түрімен тіркеліп, техникалық қызмет көрсету және жөндеу бағытында жұмыс жасап жатқан кәсіпорындардың санын анықтап, тізімін шығару керек. Ұлттық статистика бюросының облыстық департаменті қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, анықталған тізім бойынша нәтижелі көрсеткішке қол жеткізу үшін тиісті шаралар қабылдасын. Тек бұл ғана емес, жыл қорытындысымен кәсіпкерлік саласының негізгі көрсеткіштерінде оң динамика қалыптастыруды қатаң бақылауда ұстау қажет, - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Ауылдық елді-мекен кәсіпкерлерін шағын несиелендіру нәтижесі және алдағы жоспар туралы «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ» ЖШС-нің директоры Самат Ерниязов баяндама жасады.
Қазіргі кезде, орталықтың жобаларды қаржыландыру процессі орта есеппен 10 күннен 15 күн ішінде жүргізілуде.
Жалпы 2015 жылданбастап бүгінгі күнге дейін Орталықпен жалпы құны 8 млрд. 267 млн.теңгені құрайтын 1 928 кәсіпкерлердің жобалары қаржыландырылып, соның арқасында шамамен 2 320 жұмыс орындары құрылды.
Оның ішінде, ауылдық елді мекендердегі жобалардың саны 1830, қаржыландыру көлемі 7 млрд. 116 млн. теңге. Яғни, барлық қаржыландырылған жобалар бойынша несие құнының 90 пайызы ауылдық елді-мекендердегі жобаларға тиесілі болды.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша "Даму" КДҚ" АҚ-ы Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалының директоры Ерлан Түктібаев айтты.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалана отырып, өндірістік, өңдеу өнеркәсібі бағытындағы жобаларды іске асыруға басымдық беруді және инвестиция көлемін ұлғайтуды жүктеді. Сондай-ақ, биылғы жылы Экономикалық дамыту Картасы аясындағы және өзге де жобаларды сүйемелдеуге алып, қолдау шараларын көрсету қажет екенін атап өтті.