Қызылорда облысындағы Ақлақ су тоспасында 12 шақырымдық мұз кептеліп қалды, деп хабарлайды 24.kz.
Аймақта күннің бірде жылы, бірде суытуы салдарынан Сырдария өзенінің беті толық қатпай, мұз қатпары пайда болған. Арал ауданындағы гидробекет тұсында жиналған мұз жиынтығы дария суының теңізге өтуіне кедергі келтіруде. Оған қоса тоспаның төменгі ағысында орналасқан қалқымалы көпір де су астында қалған. Ол да бөгеттің су өткізу қабілетін айтарлықтай төмендетіп отыр. Мамандардың айтуынша, дәл мұндай қауіп 8 жылдан бері орын алмаған. Осы мәселеге байланысты жедел штаб құрылып, өзеннің 71 бөлігі үздіксіз бақылауға алынды. Қалқымалы көпір тұсына жиылған мұзды жою үшін арнайы жарғыш жабдықтары бар бригада шақыртылған. Мұзды Арал теңізіне жылжыту мақсатында Сырдария өзенінде жару жұмыстары жүргізілді. Серік Сүлейменов, облыс әкімінің орынбасары: - Жағдайды оңалту үшін бірқатар кешенді іс-шара атқарылды. Біріншіден, Шардарада су қоймасынан келетін су көлемін азайттық. Екіншіден, арнайы техника арқылы су жіберетін арналарды тазарттық. Сондай-ақ су тоспасынан 100 метрге дейінгі аралықты мұз кептелісінен тазарттық. Руслан Ысқақов, облыс әкімі аппарат басшысының орынбасары: - Осы нысан басында 135 адам, 19 ауыр арнайы техника жұмыс жасап жатыр. Жұмыстардың негізгісін айтатын болсақ, арнасы қысылған жерлерде өзен арнасын кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан бөлек қажет болған жағдайда 10-Сағымбай каналының бөгеттері ашылды.