Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Атакәсіптен абырой тапқан

Қазалы  ауданы Аранды ауылдық округінің орталығы Қожабақы ауылы Әйтеке би кентінен 45, Сырдария өзенінің сол жағалауынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан.
Бүгінде мұнда тіркелген кәсіпкерлер саны 63-ке жетті. Ауыл аймағы мал жаюға қолайлы. Арандылықтар жеке ісін ашу жолында білімін жетілдіріп, өз кәсібін төрт түлік немесе саудамен көркейтуді қолға алуда. Осындай еңбекқор жанның бірі – Ақшолпан Бисенбай «Еңбек» бағдарламасы аясында Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан мал шаруашылығын дамыту бағытында 1 миллион 800 мың теңге несие алды. Қазір 6 процентпен алған қаражатына 6 жылқы алып бағуда.
Оның айтуынша, қазіргідей уақытта қол қусырып отырмай, кез келген іспен айналысқан жөн. Бұл кезге дейін де отбасы жағдайын жақсарту үшін саудамен айналысқан. Биыл мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп, өрісін төрт түлікке толтыру мүмкіндігіне ие болғанына риза. Алға қойған жоспарлары да жетерлік.
– Үкімет тарапынан ұсынылған жобалар халықтың әлеуметтік тұрмысын арттыруға бірден-бір көмек. Осындай бағдарламалар көптеп іске асырылса, нұр үстіне нұр. Берілген қаражат Думан, Ерасыл, Нұрайымдарымның несібесі деп білемін. Бәріміз де балаларымыздың келешегі үшін еңбек етеміз. Ал атакәсіп мал шаруашылығының берекесі мол. Бұған дейін де қолда ұстап отырған сиыр мен уақ малдарымыз бар. Соған қосымша жылқы алуды көздедік. Сыртқа жайып жіберіп, бақылап отырамыз. Өйткені ол жем-суын өзі жайылып табады. Азық жағына аса салмақ салмайтын жануар. Несиемді жапсам 3-4 жылда тағы да жылқы алып, мал санын көбейтсем деген ой бар, – дейді кәсіпкер келіншек.
Бүгіндері Ақшолпан мемлекет тарапынан жасалған қолдауға дән риза. Ол Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Қазалы ауданындағы филиалы арқылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында “Бастау бизнес” оқу курсына қатысыпты. Бұл туралы еңбекқор ана: «Қазір мемлекет түрлі жоба арқылы кәсіп ашамын дегенге жағдай жасауда. Ізденсең, талаптансаң ойлағаныңды іске асыра аласың. Бір «Бастау бизнесте» көп мәліметке қанықтық. Сабақ барысында салық төлеудің оңайлатылған жолдары, мал бордақылауды қалай қолға алуды үйретті. Төрт түліктің басын көбейту әдістерін сабақ түрінде түсіндірді. Бұл салада өмірлік тәжірибем мол болғандықтан маған ақпаратты қабылдау оңайға тиді», – деген пікірімен бөлісті.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: