Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Кәсіпкер «Бизнес Бастау» игілігін көрмек 

Терезе алдында тысқа шыға алмай шарқ ұрған шыбын. Әрі-бері алысып әлек. Солай бірнеше рет қайталанады. Бәлки, сол шыбын жолын тапса еркіндікке шығар ма еді?! Бірақ жәндік атаулыда бізге бергендей қабілет жоқ-ау. Оның қасында біз адамбыз. Ебін тапсақ тосқауыл болғанның бәрін бұзып өтеріміз хақ.
Талап, талант, төзімділік. Түйсі­гіміздегі түйткілдің тінін тарқатуда осы қасиеттердің рөлі басым. Оны дұрысынан пайдалана білген жан ғана болашағының кірпішін қалай алады. Бастысы – маңдай термен келген нәпақа. Қазір жастар жалқау дейді ғой. Жоқ. Қайта небір идеямен көпшілікке үлгі болар жас буын жетіліп келеді. Солардың бірі – Салтанат Әбдібекова. Болашақ кәсіпкермен Тұрмағамбет ауылында жолықтық. Айтпақшы, болашақ кәсіпкер дегеніміз кәсіпке ниетті жастың талаптанып жатқаны айтпағымыз. Айлық курстан өтіп жатқан ол әні-міне дегенше жобасын қорғап, грант жеңімпазы атанарына сенеміз. Өйткені оның жобасы – ерекше, тың дүние.
– «Бизнес Бастау» бойынша оқудан өтіп жатырмын. Бұйырса балалардың ой-өрісін дамыту бойынша жобамды қорғаймын. Негізінде кәсіпкерлікті тігінші ретінде ашқым келді. Бірақ ерекше болуы үшін сол қабілетімді басқаша қырынан танытпақ ниеттемін. Мәселен мына әр бума қағазда жан-жануарлар, әріптер, сандар, жеміс-жидектер бейнеленген. Әр суретті бала орын-орнымен орналастырады. Бұл алдымен қол маторикасын дамытса, екінші жағынан ойлау қабілетін кеңейте түседі, – дейді талапты жас сөз арасында.
Тұрғындар Салтанатты «Ауылдың 1001 ұсағы» атап кеткен. Онысы рас. Өйткені не керектің барлығы осы кейіпкеріміздің қолынан шығады. Негізгі мамандығы есепші болғанымен оң қолынан өнер тамған келіншек мұнысын тиімді пайдаланып та жүр. Мәселен тігіншілік шеберлігімен сәукеле, диадема, тойтабақ әзірлейді. Үйдегі келіндік қызметі мен тәтті-пәттісі бөлек әңгіме. Әзірге әлеуметтік желідегі әлеуеті артпағанымен 5 ауылдың тұрғындары жиналған ватсаптағы чатта белсенді. Мұнда ол дайындаған жұмысын жарнамалап, тапсырысын қабылдайды. «Еткенге еңбек көп. Бос жүргеннен біреуге-біреу пайда әкелсін бе? Ебін тауып қолдан келген дүниемен айналысқанға не жетсін?! Ендігі өз кәсібімді ашып, онын көкжиегін кеңейтпекпін. Алдағы мақсат осы» дейді ол сөз арасында.
Айнұр ӘЛИ
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: