Қызылордада екі орын туристендіру картасының ТОП-50 нысандар тізіміне енгізілді
«Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясындағы Туристендіру картасының ТОП-50 нысандар тізіміне «Қамыстыбас» демалыс аймағы мен «Жаңақорған» шипажайы енгізілді.
Айта кету қажет, облыс медициналық, экологиялық туризм түрлерімен танылған, сондай-ақ тарихи-көне қалашықтарға толы, әрі қасиетті мекендермен мақтануға болады.
Жалпы облыста, Туристендіру картасынан бөлек, экологиялық, тарихи бағытта көрсетуге тұрарлық бірнеше туристік нысандар бар.
Бұл ретте, Арал ауданының экологиялық табиғатынан туындаған шөлді құм төбелері, «Барсакелмес» қорығы, «Ыстық су» шипалы бұлағы, «Қамыстыбас» демалыс аймағы, «Возрождение» аралын атап өтуге болады.
1) Шөлді құм төбелері – Арал қаласына жақын жерде Шижаға ауылында ақ құм төбелері орналасқан. Мұнда жол талғамайтын көлікпен Сафари турын ұйымдастыруға болады.
2) «Барсакелмес» табиғи қорығы – Қорықтың аумағы «Барсакелмес» және «Қасқақұлан» 2 кластерлік аумақтан тұрады. Барсекелмес – Қазақстан мен ТМД елдерінде орналасқан бірден-бір экстремалды қоршаған орта жағдайлары бар ауқымды жаһандық экологиялық апат аймағындағы қорық.
3) «Ыстық су» шипалы бұлағы – Шипалы бұлақ Арал ауданы, Қосаман ауылдық округі, Ақеспе елді мекенінде орналасқан. Бұлақтың көзі 1986 жылы «Геобарлау Шымкент» гидроэкспедициясы мекемесінің бұрғылауымен ашылған. 1200 метр тереңдіктен бұрғылау жұмыстарын жүргізу нәтижесінде температурасы 62 градус болатын минералды судың бар екені анықталды. Ыстық судың құрамында адам денсаулығына пайдалы минералдар өте көп. Шипалы бұлақ суы буын, тері, жүйке жүйелерінің ауруларына таптырмас ем болып табылады.
4) «Возрождение» аралы – Арал теңізінің орталық бөлігінде орналасқан. Оңтүстікке қарай 150 км-ге созылып жатыр. Арал теңіз табаны болып, жазық далаға айналған. Бұрынғы теңіз тіршілігінде қызмет еткен кемелер қалдыққа айналып, құмды далада қараусыз қалып қойған.