Қазақстанның киелі жерлерінің бірі – Оқшы ата мазары Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылынан шығысқа қарай 5 шақырымда орналасқан. Оқшы ата жөнінде ел ішінде аңыз әңгімелер көп. Шын аты Ыбырайым десе, бір деректе Көгентүп делінеді. Ел арасында Оқшы ата мен Есабыз әулие туралы аңыздар бір-бірімен байланыстырыла айтылады. Бір қорымда қатар жатқан арыстарды жұрт бөлмейді, Құран оқыса бірге бағыштайды. Бұл жерде Оқшы атамен бірге Асан ата, Есабыз, Ғайып ата, Қыш ата, Досбол датқа, Бала би сияқты ел ардақтыларының қабірі бар.
Қорқыт ата кітабында Оқшы ата ежелгі Бестам қаласында қару-жарақ шығаратын ұстахананың пірі, Қазан ханның батыры болған деген де дерек бар.
Оқшы ата мазарына «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2005 жылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Кесене басына келген жамағат діни жоралғылар жасауына толық жағдай қарастырылған. Мұнда 200 адамға лайықты ас беру орны, түнеухана және Құран оқып, садақа салу үшін мешіт те орналасқан. Ифрақұрылым жүйелері толығымен қамтылған.
Оқшы ата – халықтың қойған аты. Жас кезінде жетімдіктің ащы дәмін татып, күндердің күнінде бір шал мен кемпірге өкіл бала болады. Кейбіреулер секілді пендешілікке бой алдырмай, пәни дүниеде талайға өнеге көрсетіп, Алланың жердегі тұрағы саналатын мешіт үйін салып, ағайын-туысты ислам дініне шақырған.
Осындай күндердің бірінде ол асырап алған ата-анасынан Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауиге сәлем беріп қайтуға сұранады. Сол заманда Ақмешіт ханы елдің арасынан салық жинаумен қатар, кезекпен әр жұрттан бір қыздан алып келуді талап еткен екен. Ата-анасы «балам-ау, сен кеткенде қарындасыңды хан алып кетсе, біздің күніміз не болады?» дейді. Сонда еш абыржымай сөз алған ол «Менің атымды үш мәрте айқайлап айтсаңыз болды, заматында осы жерге келемін» – депті.
Айтқандай, ханға алым салық жинап беретін межелі күн де келіп жетеді. Нөкерлер Оқшы ата тұратын қонысқа келеді. Оны асырап алған әкесі дәл осы кезде ол кісінің атын үш мәрте айқайлап айтады. Елдің үрейін алған нөкерлерімен бірге жеткен хан аттың үстінен ауып, жерге құлап түседі. Әркім «ханның көзін мен құрттым» деп даурығып жатады.
– Халайық, бостан-босқа даурыға бермейік, ханды кімнің атқанын жүрегіне қадалған арпаның қылтығынан аңғаруға болады. Егер оның көзін мен құртқан болсам, оның жүрегінде арпаның қылтығы тұруы тиіс, – дейді Оқшы ата. Расында дәл солай болып шыққан. Жергілікті жұрт Көгентүп есімді жігіттің тегін адам емес екенін ұғынып, оған құрмет көрсетеді.
Өткен ғасырдың 60-жылдарында кейбір зиялы азаматтардың бас болуымен әулиелерге кірпіштен кесене орнатылған екен. Оған дейін көбі қам кесектен салынғанға ұқсайды. Жергілікті жамағат қасиетті кісілерді ешқашан жадынан шығарған емес. Алғаш рет 1997 жылы олардың аруағына арналып ас берілсе, содан бері сол игілікті іс лайықты жалғасын тауып келеді.