Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Грант ұтып, кәсіп ашты

Жастарға қарасаңыз қоғамның айнасы іспетті. Неге? десеңіз, олардың ынта-жігері мен атқарған қызметі арқылы елдің болашағын болжай аласыз. Әсіресе халыққа пайдасын тигізіп отырған жас кәсіпкерлердің талапты ісіне қарап, Мағжан атамыздың «Мен жастарға сенемін» деген сөзі тегін айтылмағандай еріксіз ойға оралады. Себебі елді алға сүйреп, артқа да шегіндіретін осы жастар. Әңгімемізге арқау еткелі отырған кейіпкеріміз өзінің шеберлігін ісімен дәлелдеп жүрген ерлі-зайыптылар. Бүгінде олар Төретам кентінде өздерінің шашатараз салонын ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр.
Шаштараздың «Master AIDA» деп аты айтып тұрғандай, оның ашылуына негізгі себепкер – Аида Мамаева. Ол кәсібінің алға жылжуы үшін мемлекеттен қайтарымсыз несие алған.
– Кішкентайымнан шаш үлгісін жасап, оны әрлеу секілді жұмыстарға қызығып өстім. Мектепті тоғызыншы сыныпты бітіргеннен кейін шаштараз салонын ашуды ойлап, бағдарлама арқылы қайтарымсыз несие алуға мамандарға жүгіндім. Олар менің кәмелет жасқа толмағанымды ескеріп, несие алуға әлі ерте екенін айтты. Мен сонда да тоқтап қалмай кенттегі шаштараз маманы Шынар ападан сабақ алып, қызметімді бастадым. Уақыт өте жұмыс істеп жүріп тұрмысқа шықтым. Он тоғыз жасқа толғанымда жолдасыммен ақылдасып несие алып, шаштараз ашуды ойладым. Күйеуім бұл жағынан қарсы емесін білдіріп, қайта маған қолдау көрсететінін айтты. Сөйтіп бірге кәсібімізді бастадық, – дейді жас кәсіпкер.
Шаштараздың іші заман талабына қарай жасақталған. Ішкі жарығы, дизайны бәрі бір-бірімен тамаша үйлесіп тұр. Құдды шетелдің салонында отырғандай сезінесің. Келген клиенттерге де жағдай қарастырылған. Тек аздап бөлменің тарлығы емін-еркін жұмыс істеуге кедергі келтіретіні көзге көрініп тұр. Себебі мұнда тағы екі маман жұмыспен қамтылған. Шаштаразда шаш қиюдан бөлек құлақ тесу, маникюр, педикюр, ерлерге арналған барбершоп секілді қызмет түрлері көрсетіледі. «Қазіргі таңда екі маманымыз оқу курсынан өтіп жатыр» дейді ол.
Аиданың жолдасы Алпамыс Қыдырәлиев те осында ерлердің шашын қысқартады. Олда бұрын-соңды бұл салада жұмыс істеймін деп ойламапты.
– Үйленгенге дейін вахталық жұмыс істедім. Кейін жарым шаштараздың оқуын оқуды ұсынып, «кәсіпті бірге бастайық» деді. Жалпы менің сурет салу жағынан қабілетім бар. Маған шаш киюды үйрену қиынға соқпады, тез-ақ меңгеріп алдым. Қазір шүкір көптің көңілінен шығып жүрміз, – дейді Алпамыс.
Ерлі зайыптылар ұсынған қызметтің ақысы қалтаға қонымды. Ерлердің шашы 750 теңгеге қысқартылса, әйелдердің шашы 1000 теңгеге қиылады. Одан бөлек қайырымдылық қорына да көмек қолын созып отырады. Мәселен жұма күні жағдайы төмен отбасыларға жеңілдіктер жасалады екен.
– Әр жұмадан кейін кенттегі мешіт имамы екі-үш баланың шашын қысқартуға әкеледі. Біз мұны өз ішімізден дәстүрге айналдырдық. Оларға кезексіз қызмет көрсетіледі. Шашын алғаннан кейін міндетті түрде жуып береміз. Одан бөлек көпбалалы ана мен мүгедек жандарға тегін қызмет көрсетеміз, – дейді мейірімді жандар.

Ерсін Әлібай
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: