Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Сән салтанат құрған жер

Қазіргі жастар кәсіпкерлікке белсенділік танытуда. Неден ашарын, неден бастарын білмей дал болған талай жасты көз көрді. Дегенмен, жігерін жаншымай, қайратын қайраған талай жас талаптанып та жүр. Олар ұйымдастыра да біледі, үнемі іздену үстінде. Бүгінде кәсіпкерлікті қолдауға мемлекет тарапынан біршама бағдарлама жүзеге асуда. Оның ішінде ерекше кәсіп ашқандардың қатары қалың.
Солардың бірі – Ақниет Ерсайынова. Ол «Еңбек» бағдарламасы бойынша қорғаған жобасы жеңімпаз танылып, грант ұтып алады.
– Жас болған соң бір орында отырып қалмау керек. Сол үшін кәсіп ашайын деген ой келді. Өзім осы сән салонын ашып, өз қаражатыма жұмысымды бастап кеттім. Солай кәсібімнің көкжиегін кеңейту мақсатында арнайы курстан өтіп, жобамды әзірледім. Нәтижесінде мемлекет тарапынан грант жеңіп алдым. Тағы қажетті дүниелерімді алып, міне жұмысымның жемісін көріп отырмын, – дейді Ақниет Ғалымжанқызы.
Сән салонындағы қызмет бағасы қол жетімді. Мұнда атбасын бұрушылар қатары да аз емес. Төретам кентінде орналасқан үлкен «Алмаз» сауда орталығында бутигі бар. «Ahonya_lash_studio» деп аталатын орында кірпік жабыстыру, ламинирование, маникюр, шаш, бет, қас әрлеу секілді қызмет түрлері көрсетіледі.
– Кәсіппен айналысу кез кел¬геннің қолынан келеді. Бас¬тысы ниеті болса болғаны. Жастарға кәсіп ашуға, сол арқылы өзін-өзі қамтуға кеңес беремін. Нарықтық қоғам «алма піс, аузыма түс» деп жатуды көтермейді. Бұл мен армандаған ойдың бірінші сатысы. Ендігі мақсат – осы кәсіпті одан әрі дамыту, үлкейту, – дейді жас кәсіпкер.
Алдағы уақытта замануи жабдықталған сән салоны тұрғындарға барынша қызмет көрсетпек. Өйткені, сән мен салтанат құрған жерде кәсіп те дөңгелейді.
Ел болашағы – жастар. Бүгінгі жас – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын тұлға. Мемлекеттің ендігі дамуы мен өркендеуі жастарға тікелей байланысты. Ал біз қаузаған жастардың кәсіпке серпілісі бастамасы ғана. Жазылмай қалғаны да жетерлік. «Қалауын тапса – қар жанады». Тек талаптанса болғаны.

Айнұр ӘЛИ

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: