Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Ісмерлікті табыс көзіне айналдырған

«Шебердің қолы алтын» деген тамаша тәм­сіл бар. Ұлттық дәстүрімізде қыз-келіншектердің бойындағы ісмерлікті қашанда жоғары баға­лайды. Анасының қызына іс тігуді, кесте тоқу­ды үйретіп, оны бойына сіңіріп тәрбиелеу – ұлт құндылығы, әрі қанымызға сіңген қасиет.
Тереңөзектік көпбалалы ана Қарлығаш Әкімжанова мамандығы заңгер болғанымен, сүйікті ісі тігін тігумен айналысқанына да көп бола қойған жоқ. Үлкен анасының бойынан іскерлікті көріп өскен қаршадай қыз бүгінде он саусағынан өнер тамған тігінші. Сара апаның кезінде ауданға белгілі тігінші болғанын жұрт жақсы біледі. Ал қазір кейуана тігіншілік өнерді үйренген қызы Қарлығаштың бет алысына қуанып қана қоймай, оны табыс көзіне айналдырған қызының кәсібіне тілекші болып отыр. Ал, Қарлығашты өмірдің өзі кәсіптің жаңа түрін меңгеруге үйретті десек артық айтқандық болмас.
Қарлығашқа 5 балаға ана болу бақыты бұйырды. Ол Алланың бергенін көпсінбей, кездескен қиыншылыққа төтеп беруді жастайынан үйренген. Жас ананың екі бірдей баласы мүмкіндігі шектеулі болғаны жанына қатты батады. Дегенмен, өмірдің өзі күрес екенін құлағына құйып өскен ана түбі жақсылық болатынына сеніммен қарап, қайсарлық танытумен келеді.
Мекеменің берген азғантай жалақысы мен жәрдемақы балаларының тамағы мен киім-кешегіне жеткенімен, кезінде баспанасының болмауы және балаларының еміне қаржының жетіспеуі «жаңа кәсіп түрін меңгеру керек» деген ойға жетелейді. Өз еркімен мекемедегі жұмысын тастап, кәсіпкерлікке ден қою үшін ізденеді.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, 505 мың теңге қайтарымсыз грант алады. Алдымен бағдарламаның бірінші бағыты аясында қысқа мерзімді курстан өткен болашақ кәсіпкер бизнес-жоспар әзірлеп, оны қорғап, кәсібін қаржыландырады.
– Қазір Аллаға шүкір, көрген қиыншылықтар артта қалып келеді. Мемлекеттің жұмыссыздарға көрсетіп жатқан көмегіне рақмет. Қайтарымсыз грант алып, кәсібімді бастауға мүмкіндік алдым. Құрбым Света Әбілдаева қолынан келетін тігіншілікті үйретті. Түрлі үлгідегі оюды ойып, оны матаға жапсырып тігу, өнердің сан алуан түрін меңгертуге барын салды. Жанына ертіп жүріп, көрпеше көктеуді, тігін машинкасын жүргізуді үйретті. Қазір бесаспап болуыма себепші болған құрбыма айтар алғысым шексіз, – дейді тігінші Қарлығаш Алтынбекқызы.
«Джаноми» электр машинасымен көрпешенің оюын қиыстыра тіге­тін келіншектің кәсібіне сұраныс бар. Көздің жауын алатын керемет көрпешелерге тапсырыс беруге асығатындардың қатары да қалың. Кейде күні-түні жұмыс істеуге тура келеді екен. Қарлығаштың бір күнде 1 көр­пеше мен жастық тыс тігіп шығуына мүмкіндігі келеді.
Осы күні тігіншілік, қолөнер шеберлігімен айналысу бүгінгі заманның ең табысты бизнесінің бірі десек қателеспейсіз. Себебі, қазақы нақыштағы бұйымдарға, әсіресе, көрпешелерге, жастықтарға, жапқыштарға деген сұраныс бар. 3D үлгісіндегі заманауи көрпешеге де тапсырыс қабылдайды. Қыз жасауын тіккенде сыртынан қаптайтын сәнді қапшықтарымен қоса дайындап беруге де болатынын тілге тиек етті бізбен әңгімесінде шебер тігінші.
Дайын өнім, яғни бір көрпеше 15-18 мың теңгеге бағаланады. Көр­пешелердің құны матасына, ұзындығына, ою-өрнектің түріне және жұмыс көлеміне қарай өлшенеді.
– Қазір көрпешелер қымбат матадан тігіледі. Астары да сапалы матадан жасалады. Мақтасын бөзге емес, сапалы болуы үшін сәтенге көктейміз. Ал тысы осындай керемет ою-өрнекті болады. Оюдың үлгілеріне салып, қошқармүйіз, ботамойын, толқын, жануарлар мен құстардың бейнесін оямыз. Тапсырыс берушінің талғамына қарай тігіп беремін, – дейді шағын кәсіп иесі.
Қарлығаш ұзақ жыл баспана кезегінде тұрып, 2014 жылы кенттен көпқабатты тұрғын үйден 3 бөлемелі пәтер алуымен қуанышқа бөленді. Қуанышы еселене түсіп, балапандарының да дертіне дауа табылып, білікті дәрігерлердің арқасында тиісті ем-домын алуға мүмкіндік алды. Қазір көзге көрінген перзенттерінің болашағы үшін күндіз-түні маңдай терін төгіп, тігіншілікпен айналысуда.
«Әль-Ғани» жеке кәсіпкерлік нысанның иесі ретінде болашақта кәсібін кеңейтуді армандайтын тігінші өзі секілді қыз-келіншектерді жұмыспен қамтығысы келеді. Ол үшін мемлекет тарапынан берілетін кәсіпкерлерді қолдау грантына қол жеткізуі керек екенін біледі.
Нұрымжан, Әлімжан, Думан, Құрманәлі, Әль-Ғани есімді ұлдарды өсіріп-тәрбиелеп отырған ана кәсібіне қолдау білдіріп, қолы қалт етсе көмектесуге асығатын жұбайы Дінмұхамедпен тату-тәтті отбасына айналған. Ерлі-зайыптылар отбасылық кәсіптің дамуына білек сыбана кіріскен.
Иә, екі қолға бір жұмыс таба алмай отырғанды көріп жүрміз. Сондықтан Қарлығаштың үлгілі ісін көпшілікке көрсетуді жөн көрдік. Себебі, ол білмегенді үйреніп, ісмерлікпен қоса іскерлікті қолға алған жасы кәсіпкерге айналды. Алдағы уақытта еңбегі еселеніп, кәсібінің мол табысына кенелуіне тілектеспіз.


Бибісара ЖАНӘЛІ
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: