Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Әмбебаптық әбігерлік емес

Жан-жақтылық – уақыттың басты талабы. Жас­тар сол талаптан шығып жүр. Кезекті кейіпкеріміздің әмбебаптығы соған дәлел. Дәулет Ізбасардың негізгі мамандығы – заңгер. Кәсіпкерлікпен де айналысады. Ол жеке заңгерлік орталықта азаматтарға құқықтық кеңес беріп, түйткілді мәселелерінің түйінін тарқатуға көмектеседі. Кәсіпкерлікті қатар алып жүруге негізгі мамандығының кедергі келтірмейтінін айтады.
Дәулет 2019 жылы «Әділет» дара кәсіпкерлігін құрған. Ол 4 бағыт – құқықтық қызмет көрсету орталығы, автокөлік жөн­деу, той-жиын өткізуге арналған арнайы шатырларды жалға беру және сабын өндіру ісімен айналысады. 30-ға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оның айтуынша, «Әділет» құқықтық кеңес беру орталығында осы кезеңге дейін 300-ге жуық тұрғын әділеттілікке қол жеткізді. Жалпы көмекке жүгін­ген­дерді қолтығынан демеуді тәжі­рибелі маман қолына тапсыру қажет деп біледі. Себебі, кәсіби білікті заңгерлер әлі де аз. Қазір заңгерге жұмыс аз дегенді жиі естиміз. Алайда, сауатты, білімді маманға қай кезде де сұраныс бар. Ізденіс өз бетінше, біліктілікті көтеру маңызды. Өз ісінің майталманына айналу уақыт еншісіндегі дүние, – дейді ол.
Кейіпкеріміз соңғы уа­қыттарда халықтың көпшілігі әлеуметтік мәселелер бойынша заңгер кеңесіне жүгінетінін айтады. Халықтың құқықтық сауаттылығы әлі де болса төмен екені байқалады, себебі ғаламтор желісінің өзінде бірқатар ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік бар. Бірақ, электронды қызметті пайдаланбайтындардың, мекенжай бойынша анықтама алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барып кезекке тұратын тұрғындардың әлі де бары көп нәрсені аңғартады. Цифрлы сауаттылықтың төмендігі мен өз құқығыңды білмеу фактілері бір-бірімен тығыз байланысты.
Дәулетпен әңгіме кәсіпкерлік саласында да өрбіді. Ол карантин уақытында шатырларды жалға алуға ниет білдіргендер көп болғанын айтады. Ал, көлік жөндеуге қай кезде де сұраныс жоғары. Тәжірибе жинақтаған Дәулет жақында сабын дайындауды қолға алды. Бұл ретте кәсіп жүргізу үшін көп қаражат қажет еместігін, жоспар мен айқын мақсат жақсы істің бастауы екенін алға тартады.
– Сабын дайындау идеясы – төртінші бастама. Бұл – бір жағынан шығыны аздау кәсіп. Дүкен сөрелерінен сабынның әртүрлісін байқауға болады. Мұнда сапа мен баға ғана ұтады. Біз қолжетімділікті бірінші орынға қойдық. Өнімге «Taza сабын» атауын бердік, ол гипоаллергенді. 72 проценттік сабынның салмағы 100-300 граммға дейін жетеді. Баға қолжетімді, 47-97 теңге аралығында сатылады. Қуантатыны, тапсы­рыс көп, аудандарға да жө­нел­теміз және кері бай­­ланысқа ерекше мән береміз. Өнімді шығаруда әрбір тұтынушының пікірі ескерусіз қалмайды, – дейді ол.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: