Абуова Зейнеш Сұлтанқызы – 1997 жылдан бері кәсіпкер. 20 жыл бұрын бизнестегі алғашқы қадамын Қызылорда қаласының орталық базарында кеңсе тауарларын және жуу құралдарын сатудан бастаған. Кейіннен дүкенді жалға алып, азық-түлік сатуға көшті. Азық-түлік ұдайы сұранысқа ие. 2016 жылы кәсіпкер тұрғын емес ғимаратты жалға алып, «Сказка» сауда үйі ретінде қайта жабдықтады.
2020 жылы Зейнеш Сұлтанқызы қазақстандық AUZ.T брендінің франшизасын сатып алып, бизнесте жаңа бағыт, атап айтқанда, жылдам тағам - стритфуд сату бойынша қызмет көрсетуге кірісті. AUZ.T форматындағы қазақстандық стритфуд – ет-нан немесе қазақтың ұлттық тағамдары негізіндегі бірегей технология бойынша жасалған жылдам дайындалатын тіскебасар. «Ет-нан» – ішіне көне рецептпен бұқтырылған ет салынған күлше.
Кәсіпкер қазақстандық AUZ.T. брендінің франшизасын сатып алу үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Қызылорда аймақтық филиалына жүгінді. Мамандардың көмегімен «ForteBank»-ке құжат өткізіп, 2020 жылы франшиза мен жабдық сатып алу үшін несие алды. Жобаны «БЖК-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Даму» Қоры ішінара субсидиялап, нәтижесінде кәсіпкер қарызын 6%-бен төлейді.