Елімізде соңғы жылдары шағын және орта бизнесті дамыту шаралары көптеп қолға алынуда. Халықтың өнімді іспен айналысып, табысын арттыруға жағдай туғызатын мұндай жобалар аясында көптеген жаңа кәсіп түрі мен кәсіпкерлер көбеюде. Бұл ел дамуының көрінісі.
Осындай өз кәсібін енді бастап отырғандардың бірі – Жаңақорған ауданындағы Сүттіқұдық ауылының тұрғыны Орынбасар Берікұлы. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысушы бағдарлама аясында «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша қысқа мерзімді кәсіптік даярлаудан өтіп мемлекеттік грантқа қол жеткізіпті. 2021 жылдың наурыз айында оқыған мамандығы бойынша қызмет көрсетуге 583400 теңге қайтарымсыз грантқа ие болған екен. Қазіргі таңда «Берік» дара кәсіпкерлігін ашып, қызмет көрсету жұмыстарын жүргізуде.
«Жігіттің жұмсаған күшін сұрама, бітірген ісін сұра» демекші үлкен жауапкершілікті, қырағылықты талап ететін дәнекерлеуші мамандығының иесі Орынбасар Берікұлының өзімен тілдескен едік.
– Наурыз айында грант ұтып алып, өз кәсібімді жүргізуге кірістім. Ағамыз екеуміз бірігіп жұмыс жасаудамыз. Шаруамыз шағын,адымымыз ауылдан аспағандықтан аса бір табысқа кенелмедік, десек те кәсіпсіз емеспіз – деді ол.
Кәсіпкер азаматымызға қандай қолдау болатынын ауыл әкімінен сұрап білдік.
– Ол жігіттерді кәсіптік даярлаудан өтуге өзіміз бағыт беріп, қазір де қамқор болуға әзірміз. Қайтарымсыз грант дегенмен де сұрауы бар. Ауылда дәнекерлеу ісімен осы жігіттеріміз айналысуда. Бұрынғы дәнекерлеушіміз зейнетке шыққан. Олардың ізінен осындай тың, жаңа кәсіп иелері шығып жатса әрдайым қолдауға бармыз, – деді ауыл әкімі Мақсат Абдулаев.
Ауданда дәнекерлеу ісі бойынша жыл басында 16 адам грант иеленіп, оның 13-і қысқа мерзімді кәсіптік даярлаудан өткен. Қазіргі таңда сұранысқа ие бұл мамандыққа мейлінше бет бұру маңызды болып отыр.