Елемес кесенесі «Боран құмы» деп аталатын жерде қам кесектерден 1873 жылы қаланған порталды- күмбезді құрылыс. Аңыз бойынша, бұл кесене Елеместің балалары Баубек, Кетеғұл, Боран, Төтеғұл, Өтеғұл, Күзербай, Қосбармақтың ұйымдастыруымен салынған. Кесене жоспары төртбұрышты, қам кесектен салынған. Бас фасады оңтүстік-шығысқа қаратылған. Оның орталық бөлігінде аркалы бетшелік ойықша орналасқан, оның айшықты қабырғасына аркалы бөлмеге кіру тесігі салынған. Кесененің ішкі-сыртқы беті қалың етіп сабан сылақпен сыланған. Кесененің ішкі бетіндегі сылақтың кейбір жерлерінде суреттер мен ою-өрнектердің ізі айқын аңғарылады.
Кесененің бұрыштары дөңгелек мұнаралармен сәнделген. Олардың диаметрі 80 см. Күмбез сүйір пішіндес, шеңберлі барабанға бекітілген. Кесененің күмбез асты конструкциясы – бөлме бұрыштарынан құрылыстың салпыншағымен шығарылған желкендер. Жерлеу камерасында қам кесектен салынған екі үлкен, екі кіші қабірлер бар. Кесене ішкі жағы сыланған, сыртқы сылағы сақталмаған. Кесене көлемі – 8,0х7,4 м. Қабырғасының биіктігі – 2,1 м, бетшесінің биіктігі – 3,8 м. Қам кесектік өлшемдері – 24х13х7 см.
Руы Бәйбіше – Сарқасқа Елемес би Жаңадария өзенінің бойында, шамамен 1798 жылы туып, осы жерде 1872 жылы қайтыс болған. Орынбор шекаралық комиссиясының құжаттарында Елемес бидің аты аталып, оңың таңбасын (мөрі) басқан құжаттар кездеседі.
Ол кісі шешендік өнерімен қатар қоса батыр да болған. Бірде Жаңадария бойындағы Қожанияз бек пен Бабажан сарттың жасауылдарымен болған бір ұрыста бір өзі бұзау тіс қамшымен 6 хиуалықты аттан ұрып жыққан екен.
Елемес би ел ішіндегі тентектерді тезге салып, көрші елдермен бейбіт саясат жүргізген. Жаңадарияның арғы бетіндегі қарақалпақтарды ығыстырып, босаған жерлерге егін ектірткен. «Елемес түбегі», «Елемес құдығы», «Елемес қырғыны» деген жерлер Қарақұм мен Қызылқұмда әлі де кездеседі. Ол кісінің 5 әйелінен туған 30 ұлдан тараған ұрпақтары казіргі Астана, Арқалық, Қызылорда қалалары мен аудан көлеміндегі Жаңадария, Ақарық ауылдарында тұрып жатыр. ( шамамен 100 шаңырақтан астам).
Қара шаңырақ иесі – Аламесек ауылының тұрғыны 92 жастағы Олжабай Әйтімов.
Көнекөз қариялардың айтуы бойынша, Елемес қайтыс болған кезде қыстың суық, ызғарлы болып, қара жердің тоң болып қатқандығы сондай, адамдар ол кісінің көрін 7 күн бойы қазып, Елеместі тек 8-і күні ғана жерлеген.