Сырдария ауданында мемлекет қолдауының шапағатын сезініп, өз кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар көп. Олар кәсіпкерлікпен айналысу арқылы табыс тауып қана қоймай аудандағы жұмыссыздық деңгейін азайтуға да үлес қосуда. Сондай-ақ, ел қазынасына салық төлеп, жыл сайын кәсіптерін кеңейтіп келеді.
Ауданға қарасты Н.Ілиясов ауылының тұрғыны Олинов Роллан Нұрланұлы да аудандық кәсіпкерлік саласының дамуына үлес қосып келеді. Ол Өңірлік инвестициялық орталығынан «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау» бағдарламасы арқылы 1,5 млн.теңге несие алып, кәсібін жүргізуде.
Қазіргі таңда, Роллан Нұрланұлы омарта шаруашылығымен айналысады. Кәсіпкер жылына 2,4 тонна өнім өндіріп, оны Қызылорда қаласы мен аудан тұрғындарына жеткізеді. Бүгінде оның тұрақты тұтынушылары мен сатып алушылары бар.
«Кәсіппен айналысушыларға мемлекет тарапынан бағытталып жатқан қолдау көп. Тек ізденіс пен еңбек керек. Сондай-ақ, үйренуден жалықпау қажет. Сонда ғана кәсіптің берекесі болады. Мен алдағы уақытта омарта шаруашылығын отбасылық бизнес ретінде дамытуды мақсат етіп отырмын. Пайда бар, сұраныс көлемі де жыл санап артып келеді»,– дейді кәсіпкер.
Еңбек еткен адамның мақсаты айқын болса, табысқа да, жетістікке де қол жеткізеді. Оның дәлелі ретінде омарта шаруашылығын кәсіпке айналдырып отырған кейіпкерімізді айтуымызға болады. Ол осы аталған кәсіп арқылы облыс пен аудан экономикасының дамуына үлес қосып келеді. Мемлекет осы сияқты басқа да кәсіппен айналысамын деушілерге оңтайлы тұсын ұсынып, қолдау көрсетуде. Олай болса, жас кәсіпкердің алдағы ісіне сәттілік тілеп, еңбегінің жемісін көрсін дегіміз келеді.