Қызылордада коронавирус жұқтырудың ең жоғары көрсеткіші тіркелді
Қызылорда облысында өткен тәулікте 399 адам коронавирус жұқтырды. Бұл - пандемия басталғаннан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Қазір өңірде коронавирус инфекциясының эпидемиологиялық жағдайы тұрақсыз. Биылғы жылдың 13 қаңтарынан бастап облыс «қызыл» аймақта.
«Қаңтар айының 19 күнінде коронавирус инфекциясын жұқтырудың барлығы 2 622 жағдайы анықталды. Бұл - өткен жылғы желтоқсанда тіркелген көрсеткіштен 22 есеге жоғары. Өткен тәулікте 399 адам коронавирус жұқтырды. Пандемия басталғаннан бергі өңірде мұндай көрсеткіш тіркелмеген болатын. Олардың арасында 247-і Қызылорда қаласында тіркелсе, аудандар бойынша Аралда - 16, Қазалыда - 18, Қармақшыда -13, Жалағашта - 16, Сырдарияда -11, Шиеліде - 42, Жаңақорғанда - 36 адам қатерлі індеттің құрығына ілікті», - деп мәлім етті Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Айман Жанахаева.
Тәулікте анықталған барлық жағдайдың 58-і 14 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасында анықталды. Дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тамақтың ауыруы, жөтел сияқты клиникалық белгісімен 147, симптомсыз 252 дерек анықталды.