Халықаралық «Балаға мейірімді аурухана» атағын алды
Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «BalaJan» қоғамдық қоры, қамқоршылық кеңесінің және ҚР Денсаулық сақтау министірлігінің акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы директорлар кеңесінің төрайымы Зауреш Аманжолова, «BalaJan» Қоғамдық қоры медицина қызметкерлері одағының президенті Эльнара Құрманғалиева, «BalaJan» Қоғамдық қорының мүшесі, жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Шишигинамен кездесті.
Басқосу барысында облыс бойынша ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында қолға алынған жұмыстар талқыланды. Аймақ басшысы ана мен бала мәселесіне ұдайы мән беру басты назарда екенін алға тартып, бірлескен жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
Айту керек, өңірде Дүниежүзілік денсаулық ұйымы ұсынған «Емізу практикасын қорғау, қолдау және ынталандыру» бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарлама бойынша Қызылорда облысының медициналық ұйымдары республикалық деңгейде сертификациядан, ресертификациядан өтіп, халықаралық деңгейінде «Вавy–friendly hospitals. Балаға мейірімді қарым-қатынас ауруханасы» атағына ие болды.
Сондай-ақ, облыс бойынша 5 емдеу, алдын-алу ұйымы «Алтын тақта» номинациясымен марапатталды. Олар – облыстық Ана мен бала орталығы, көпбейінді облыстық балалар ауруханасы, Арал және Қазалы ауданаралық ауруханалары мен №3 қалалық емхана.