Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Облыс әкімі Қармақшы ауданында болды

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың солтүстік аудандарға жұмыс сапары Қармақшы ауданында аяқталды. 


Алдымен облыс әкімі Жосалы ауылдық округінде тұрғындармен кездесті. Ауыл халқы бақша өнімдерін тікелей айналысатындықтан ақсақалдар жүздесу барысында аяқ су мәселесін шешуге ықпал етуді сұрады. Өңір басшысы биылғы су деңгейінің төмен дәрежеде түсуіне байланысты ауыл азаматтарымен бірге әрбір мәселені пысықтап алу қажет екенін жеткізді. 
Елді-мекендерді аралау барысында аймақ басшысы шаруалармен кездесіп, егін егу және мал басын аман сақтау мәселесіне қатысы өзекті ұсыныстарды арнайы жиында талқылады. 
Отырыста аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов бірінші кезектегі басымдықтарды тізбелеп, өткен жылы егіске пайдаланылатын суармалы судың тапшылығына байланысты «Батыс Қармақшы» қашыртқысынан «Құрайлы» каналының П309 пикетіне қосымша су жеткізу үшін ұзындығы 11 шақырымды құрайтын канал қазылғанын жеткізді. Сондай-ақ, сала мамандары биылғы су түсіміне байланысты болжамды баяндап, күріштіктің егіс көлемін қысқарту және каналарды тазарту, насос қондырғысын орнату ісі таяу арада басталатынын жеткізді. Ал, бірнеше шаруа қожалықтарының иелері аудан үшін өзекті мәселелерін жеткізді. 
Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы су көлемінің лимиті белгіленгенге дейін аудандағы ауылдардың қажеттілігін қайта қарап, шаруалармен бірге суды аз қажет ететін дақылдарға мән беріп, малға қажетті жем-шөп қорын алдын ала әзірлеп, ветеринар мамандарға қыстан шыққан төрт түліктің жағдайына қарай дәрі-дәрмек егу жұмыстарын қарқынды жүргізуді тапсырды. 
- Биыл Көксарай су реттегішіне су жиналмау қауіпі бар. Бұл былтырғымен салыстырғанда су көлемі 2 млрд. текше метрге кем болады деген сөз. Қолда бар мүмкіндікке қарай әрекет жасау үшін әр аудан бойынша жоспар құрылып, мамандар жұмыс істейтін болады. Үкімет деңгейінде шешілетін мәселе екен деп қарап отырмай, каналдарды тазалап, насос қондырғыларын орнатып, егіске әртараптандыру жолын әкелуде тәжірибелеріңізді қосып, күш біріктіруіміз керек. Үкіметтің резерв қаржысы мен бюджеттен қаражат бөлінеді. Тек уақыт ұттырмай тиімділігіне қарай жұмыс қарқынын ұлғайтуға тиіспіз,-деді Гүлшара Әбдіқалықова.   
Мұнан кейін аймақ басшысы Қуаңдария ауылдық округіндегі 100 орындық клубтың құрылысы барысымен танысты. Мердігер мекеме – «Ахат+ГС» ЖШС құрылыс жұмыстарын өткен жылы бастап, биыл қыркүйек айында аяқтайды деп жоспарлауда. Ғимарат ішінде акт залы, оқырмандар бөлмесі мен әкімшілік бөлмелері қарастырылған. Облыс әкімі мердігерге сапалы құрылыс материалдарына жете мән беріп, нысанды уақытылы аяқтауға күш салу қажет екенін баса айтты. 
Әрі қарай облыс әкімі Т.Көмекбаев және Алдашбай ахун елді мекендерінің тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ауыл ақсақалдары шағын ауылға балабақша салу, инфрақұрылым тарту және аяқ су тапшылығына қатысты өзекті ұсыныстарын жеткізді. 1397 тұрғыны бар Т.Көмекбаев ауылында 256 қожалық бар. Мұнда да егін мен мал шаруашылығын дамыту өзекті. Аймақ басшысы облыс бюджетінен Қармақшы ауданына 3 насос қондырғысын алуға қаржы қаралғанын, Үкімет резервінен тағы 17 насос қондырғысын алу жоспарда бар екенін жеткізіп, арнаға келетін суды бөлу ісінде ауылдардың нақты жағдайы ескерілетінін еске салды. 
Айта кетейік, облыс әкімі Байқоңыр қаласында салынып жатқан 50 пәтерлік 5 көпқабатты тұрғын үй құрылысын көріп, мердігерлермен пікірлесті. Құрылыс алаңында жүріп жатқан жұмыстарды бақылап, нысанды сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды. 


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: