«Арал SeаFood» балық өндеу зауытының жұмысымен танысты
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров пен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Сенаты төрағасының бірінші орынбасары, Комиссияның Өзбекстан тарапынан тең төрағасы Содык Сафоев бастаған жұмысшы топ Арал ауданына жұмыс сапары аясында «Арал SeаFood» балық өндеу зауытының жұмысымен танысты.
Зауыт жылына 4000 тонна балық өндейді. Табан еті, торта, шортан, сазан өнімдерін жасап, Қазақстан нарығына сатып, ТМД елдеріне экспорттайды.
Цехта асхана, жатақхана, шикізатты қабылдау және өнімді қайта өңдеу цехы, тоңазытқыш сақтау камералары, мұздатқыш бар.
Зауыт жұмысымен танысу барысында екі елдің Сенат депутаттарына облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай аймақтағы балық шаруашылығын дамыту бойынша кешенді шаралар қабылданғанын және алдағы перспективалық жобаларды таныстырды.
Облыс көлемінде табиғи су айдындарының балық қорын көбейту мақсатында республикалық бюджеттен жыл сайын Кіші Арал теңізіне және Ақшатау көлдер жүйесімен Приморский, Қамыстыбас көлдер жүйесіне «Қамыстыбас балық питомнигі» РМКҚ арқылы 14 млн 800 мың дана майда бір жылғы шабақтар және 420 мың екі жылғы шабақтар жіберіліп, өсірілуде.