«Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсының өңірлік кезеңі өз мәресіне жетіп, жеңімпазы анықталды.
Аталған республикалық конкурс ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен биыл екінші рет өткізілуде. Байқауға облыстың 13 кент және ауылдық округтердің әкімі құжаттарын тапсырып, белгіленген критерийлерге сәйкес келетін және тиісті құжаттар топтамасын толық өткізген 9 әкімнің жұмысының тиімділігіне халықтың қанағаттануын өлшеу үшін облыс әкімдігінің ресми сайтында онлайн сауалнама жүргізілді.
Үміткерлер өңірлік комиссияға өздерінің портфолиолары мен бейнероликтерін ұсынып, жобаларын қорғады.
Өңірлік комиссия тұрғындардың арасында жүргізілген сауалнама қорытындылары мен әкімнің халықпен кері байланыс орнату көрсеткіштерін ескере отырып, Жалағаш ауданы, Еңбек ауылдық округінің әкімі Қайрулла Жетпісұлы Қалданов «Үздік ауыл әкімі» конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпазы деп таныды.
Ендігі кезекте Қайрулла Жетпісұлы Қалданов Сыр елінің атынан конкурстың республикалық деңгейіне қатысып, бағын сынайтын болады.