Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қызылорда облысында құрылыс қарқынды жүргізілуде

Былтыр облыста құрылыс саласы да ерекше қарқын алып, өткен жылмен салыстырғанда 21,1 пайызға өсті. Құрылыс көлемі 106,4 млрд теңгеге жетіп, 604 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.


Жыл басынан аймақта 115 нысан құрылысы жүргізіліп, бұл мақсатқа бюджеттен 24,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде, білім саласында 12 нысан – 9 мектеп, 2 балабақша мен оқушылар үйі, денсаулық сақтау саласында
6 нысан – емхана, қан орталығы, 3 амбулатория мен аурухана, мәдениет саласында 8 нысан – мәдениет үйі, 6 ауылдық клуб пен өнер үйі, спорт саласында 17 нысан бар.
1 422 пәтерді құрайтын 32 тұрғын үй құрылысы жүргізілді. Инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым тарту бойынша 38 жоба жүзеге асырылды.
Өңірде заманауи үлгідегі жаңа әлеуметтік нысандар салу бастамасы сәтті іске асырылуда. Сондай бастамалардың бірі – облыс орталығындағы Өнер орталығы мен Неке сарайының құрылысы басталды. Бұдан бөлек, келер жылы сол жағалауда Қан орталығы ел игілігіне беріледі.
Алдағы жылдары да құрылыс көлемі ауқымды болатынын айта кеткен жөн. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысына бюджеттен барлығы 41,6 млрд теңге бөлініп,137 нысан құрылысы жүргізілетін болады.
Білім саласында 22,3 млрд теңгеге 22 нысан бой көтереді. Оның 10-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын жаңа мектептер. Денсаулық сақтау саласында 5,2 млрд теңгеге салынатын 16 нысанның 12-сі дәрігерлік амбулатрия және құны 36,5 млрд. теңгені құрайтын, ауысымына 100 келушіге арналған емхана мәселесі шешілуде. Сол жағалауда онкологиялық орталық, қан орталығы салынып, Арал қаласында туберкулезге қарсы орталық жаңғыртудан өтеді. Бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға себеп.
4,5 млрд теңгеге 11 мәдени нысан, спорт саласы бойынша 7 нысан, инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым тарту бойынша 62 жоба жүзеге асырылады.
Бюджет есебінен аймақта алғаш рет жеті қабатты 6 тұрғын үй салу жоспарланған.
Биыл туған жерін түлетуге атсалысып жүрген меценаттар мен кәсіпкерлер 9 млрд теңгеден астам демеушілік жасап, ауқымды жобалардың жүзеге асуына қолдау көрсетті. Олардың ішінде, белгілі кәсіпкер, меценат, «Парасат» орденінің иегері М.Дүйсенбаевтың қолдауымен 1,5 млрд теңгеге «Анаға тағзым» орталығы салынуда. Нысан келер жылы мамырда пайдалануға беріледі. Өңірдің Түркістан аймағымен шекараласатын тұсынан 200 млн. теңгеге облыстың кіреберіс қақпасы да бой көтеруде.
Жаңақорған ауданында 790 млн. теңгеге заманауи демалыс паркі тарту етіліп, Арал ауданының Тоқабай ауылындағы апатты деп танылған мектеп жеке инвестор есебінен 500 млн теңгеге қайта салынуда. Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылында құны 350 млн теңгені құрайтын «Еңбекшілер аллеясы» бой көтерді.
«Қазгермұнай» бірлескен кәсіпорнымен келісім нәтижесінде облыс орталығында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасы басталады. 2023 жылы 7 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының жаңа стадионының құрылысын бастау жоспарда бар. Жаңа стадион құрылысына «Саутс Ойл» компаниясы демеушілік етуге ынта білдіріп, жобалау жұмыстары атқарылуда.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: