Қызылорда облысында өткен жылы эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында 14 түрлі жұқпалы ауруға 6 мыңға жуық ветеринариялық препарат жеткізіліп, алдын ала егу жұмыстары толық орындалды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев баяндады.
- Қазіргі таңда республика бойынша 299 елді мекен аса қауіпті 20 түрлі аурудың қолайсыз ошағы ретінде тіркеліп отыр. Алайда біздің өңірімізде эпизоотиялық жағдай тұрақты деп бағалануда. Биыл жұқпалы ауруларға қажетті 6973,5 мың доза ветеринариялық препаратттарға тапсырыс берілді. Қазіргі таңда, облыстың 2023 жылға арналған жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу бойынша ветеринариялық іс-шаралардың жоспары бекітілді. Осы жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар ақпан айында басталады. Үстіміздегі жылдың 1-ші жарты жылдығында 3830,8 мың доза, 2-ші жарты жылдықта 3142,7 мың доза егілетін болады ,-деді Шахмардан Сұлтанбекұлы.
Сонымен қатар, өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында 140 термочемодан және 140 компьютер жиынтығы сатып алынды. Ал биыл 30 дана арнайы автокөлік, 23 дана термочемодан, 23 дана компьютер жиынтығын сатып алуға тиісті қаражат қаралды.