Қазалы ауданында көктемгі санитарлық тазалық жұмыстары туралы аудан әкімі Бахыт Жахановтың төрағалығымен өткен мәжілісте Әйтеке би кентінің әкімі Самат Аманов пен Қазалы аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Оңталап Ниязымбетов хабарлама жасады.
Биылғы көктемгі санитарлық тазалық жұмыстары ағымдағы жылдың 15 наурызы мен 15 мамыры айлары аралығында жалғасын табады. Өткен аптаның сенбі күні барлық елді мекендерде санитарлық тазалық жұмыстары басталып кетті.
Кенттегі көше тазалығына немқұрайлы қарап, ластануына жол берген тұрғындарды анықтау мақсатында Әйтеке би кенті әкімі аппараты жанынан 3 бөлім бойынша жедел топ құрылып, күнделікті 3 мезгіл рейдтік тексеру жұмыстарын жүргізуде. Рейд жұмыстары барысында санитарлық нормалар мен абаттандыру ережелерін бұзған, тазалықтың сақталмауына ретсіз жол беріп отырған тұрғын үй аумақтары тексерілді. Жыл басынан бері жүргізілген рейд жұмыстары мерзімінде 74 азамат көшеге тұрмыстық қалдықтарды тастау, лас су төгу, көше бойына көлік жуу барысында ұсталып, айыппұл салынса, 5 азаматқа ескерту берілген.
Тәртіп бұзған азаматтардың жұмыс орындары анықталып, қызметкерінің құқық бұзғандығы жөнінде ақпарат бере отырып, кент әкімдігі маманының қатысуымен арнайы жиналыстар өткізілді.