Қызылордада қаңғыбастыққа салынған 26 адам есепке алынды
Қызылорда қаласы полиция басқармасы қызметкерлерімен 2023 жылдың 30 қаңтар мен 3 ақпан аралығында қала көлемінде «Қаңғыбас» жедел профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде.
Шараның негізгі мақсаты тұрғылықты жері жоқ, қайыршылықпен және қаңғыбастықпен айналысатын тұлғаларды анықтау, сондай-ақ аталған санаттағы адамдардың арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын-алу.
Іс-шара барысында Қызылорда қаласы аумағында өмірдің қиын жағдайына қалып, қаңғыбастыққа салынып белгілі бір тұрақты мекен-жайсыз жүрген 26 азамат Қызылорда ҚПБ ЖПҚб-нің қабылдау- тарату орнына жеткізіліп, есепке алынды. Сонымен қатар, өмірдің қиын жағдайында қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталығына 11 азамат жеткізілді.
Профилактикалық мақсатта аймақты аралайтын полицейлер мұндай қаңғыбастардың жиналатынын жерлерінен хабардар. Көбіне тексеру барысында бұл азаматтардың тұрғылықты мекен – жайы мен жақын тұма –туыстарының бар екендігі анықталып жатады. Полицейлердің айтуынша, кейбір қаңғыбастыққа салынған азаматтар өз еріктері мен отбасыларын тастап, айдалада өмір сүреді.
Қазіргі таңда ауа-райының суытуына байланысты, полицияның кешенді күштерімен қаңғыбастыққа салынып жүрген адамдарды, қайта әлеуметтендіру орталығымен өзара бірлесіп жұмыстар ұйымдастырылуда.