Қызылордалық өрт сөндірушілер 540 қорап киімді өрттен сақтап қалды
Ағымдағы жылғы 11 ақпан күні сағат 12-ден 15 минут өткен шамасында “112”- құтқару қызметіне “Самара-Шымкент” тас жолының 1533 шақырымында Қазалы ауданынан 53 км қашықтықта жүк көлігі өртеніп жатқаны жөнінде хабарлама түсті.
Аталған шақыртуға орай Қазалы ауданындағы №9 өрт сөндіру бөлімінен 6 қызметкер 1 техникасымен оқиға орнына жөнелтілді. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілердің барлау жұмыстарының нәтижесінде Өзбекстан Республикасынан шыққан «МАН» маркалы жүк автокөлігінің тіркемесіне тиелген 600 қорап киім-кешектің 60 қорабы жанып жатқаны анықталды. Өрт сөндірушілердің жедел әрі нақты іс-қимылының нәтижесінде тіркемеде жиналған қалған киімнің өртенуіне жол берілмей, 540 қорап киімді өрттен аман алып қалды. Өрт сағат 13-тен 40 минут өткенде толық сөндірілді. Қазіргі таңда өрттің шығу себебі мен шығыны анықталуда.