Төребай би ауылында мәдениет үйі мен спорт кешені салынады
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Қармақшы ауданы Төребай би елді мекеніндегі тұрғындармен кездесуінде еңбек ардагері Жақсылық Жалғасбаев ауылдық клуб мәселесін көтерді.
«Бізде біраз шаруа атқарылды, дегенмен бір мәселені айтайын. Аудандағы 9 шаруашылықтың бәрінде мәдениет үйі, яғни ауылдық клубы бар, біздің ауылда жоқ. Бәлкім бір жылда шешіле қоймас, бірақ мүмкіндік болса, келешекте осы мәселені назарға алсаңыздар», – деді ақсақал.
«Сіздермен кездесуге келгенде осындай түйткілді мәселелерді шешуіміз керек деп ойлаймын. Мамандарға жаңа жоба жасау жөнінде тапсырма бердім. Сол бойынша құрылыс салуды осы ауылдан бастаймыз. Қазір жоба жасауға бір-екі ай уақыт керек. Тек мәдениет үйі емес, спорт кешенін де бірге саламыз. Сәуір айында бастап, жыл соңына дейін пайдалануға береміз»,– деді аймақ басшысы.