Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

«Naqyl söz» қазақ тілін үйренуге көмектеседі – қызылордалық өнертапқыштар

Қызылордалық жас өнертапқыштар қазақ тілін үйрену және терең танығысы келген адамдарға арналған «Naqyl söz» қосымшасын ойлап тапты. Жаңашыл жобаны жүзеге асырған Алуа Едігеева мен Азиза Жақыпбек Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сыныбында оқиды. Заманауи талаптарға сай келетін жаңа жобаны жасаған жас өнертапқыштарды әңгімеге тартқан едік. 

- Алдымен «Naqyl söz» жобасын жүзеге асыруда алға қандай мақсат қойдыңдар? Оның құрылымы қандай, қай бағыттарды қамтиды?
Алуа Едігеева:
- Қазір қазақ тілінің қолдану аясы кеңейіп келеді. Оған қызығушылық танытқан азаматтар аз емес. Десе де үйренуге келгенде кейбіріне қиын тиіп жатады. Ал біз ұсынған жоба сол олқылықтың алдын алады деген ойдамын. Оны мобильді қосымша ретінде жасап шықтық. Ол негізгі үш бағытты қамтиды. Атап айтқанда, олардың қатарында қазақ елінің ұлы тұлғаларының қанатты сөздері, халық арасында қолданысын тапқан мақал-мәтелдер және тұрақты тіркестер бар.
Азиза Жақыпбек:
- Алғашқы бағыт «Қанатты сөздер» бөлімінде екенін айта кетейін. Ол авторлар бойынша жіктелген. Ал, «Мақал-мәтелдер» бағыты тақырыптарға бөлінген. Мысалы, қолданбада қазір Отан, табиғат, білім, отбасы және тағы басқа тақырыптар карастырылған. «Тұрақты тіркестер» бөліміндегі сөздер әліппе реттілігі бойынша орналасқан. Әр сөздің түсіндірмесі, екі тілге (орыс, ағылшын тілі) аудармасы және аудио жазбасы ұсынылған. 
- Жоба қазақ тілін дамытуға қалай септігін тигізеді? 
Азиза Жақыпбек:
- Қазақ тілі - халқымыздың рухани-мәдени байлығының басты бөлігі. Оны ата-бабадан қазіргі ұрпаққа мұра болып қалған баға жетпес қазына деп бағалаймыз. Өкінішке қарай, елімізде тілдің шұбарлану мәселесі бүгінге дейін бар. Халқымыздың басты мұрасы – қазақ тілінде. Қоғам арасында қазақ тілінің мәртебесі көтеру, оның қолдану аясын кеңейту - өзекті мәселе. Халық қазақ тілін тек тұрмыстық қажеттілігін өтеу үшін қолданады. Ал жасөспірім үшін тұрақты тіркестер, әдеби кұралдар түсініксіз, тіпті беймәлім болып қалуда. 
Алуа Едігеева:
«Naqyl söz» қолданушыларға тілді меңгеріп қана қоймай, қазақ халқының мәдени ерекшелігі мен ұлттық құндылығын терең түсінуге мүмкіндік береді. Қосымша күнделікті өмірде қолданатын сөз қорымызға түрлі тұрақты тіркесті, көркемдегіш құралды, қанатты сөзді енгізудің тиімді жолын ұсынады. Біздің жобамыз қазақ тіліне терең лингвистикалық талдау жүргізіп, яғни, материалдарды жинауды ғана емес, олардың колдану аясын, түсіндірмесін зерттеп, қолданушыға тілді терең меңгеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ әлеуметтік-мәдени аспекті бойынша жобамыздың мәдени мұраны, тәрбие-өнегені және ұлттық бірегейлікті сақтауында маңызы зор.
- Қазір мобильді қосымша іске қосылған ба? Оны кез келген адам пайдалана ала ма? 
Алуа Едігеева:
- Мобильді қосымша толықтай жұмыс атқарады. Алайда қолданбаның дерек қорын одан әрі кеңейту мақсатында, оны жүктеу мүмкіндігі әзірге шектеулі. Алдағы уақытта оны әрбір адам өз смартфонына Play Market, AppStore электронды дүкендері арқылы жүктей алады. 
- Жобаны алғашқы болып кімдер пайдаланды? 
Азиза Жақыпбек:
- Қосымшаның demo нұсқасын ең алғашқы болып мектебіміздің оқушылары пайдаланып көрді. Оның толық нұсқасын ең бірінші болып пайдаланушылар қатарында оқушылар, студенттер және қазақ тілін үйренушілер бар. Алдағы «Naqyl söz» қосымшасын кез келген адам пайдалана алады.
- Жоба белгілі бір жас ерекшеліктерге бағытталған ба?
Азиза Жақыпбек:
- «Naqyl söz» қосымшасы жас ерекшелігі бойынша шектелмеген. Себебі мақсатты аудиториясы - қазақ тілін үйреніп жүргендерден бастап, халық нақылы арқылы сөздік қорын байытқысы келетіндерге дейін.
- Қосымшаны дамыту бағытында алдағы мақсат қандай?
Алуа Едігеева:
- Қосымшаны дамыту бағытында алдағы мақсаттардың бірі - Play Market және App Store электронды дүкендеріне қолданбаны жүктеу, авторлық құқық алу. 
- Жобаны жүзеге асыруда қандай жетістікке жетуді ойлап отырсыңдар?
Алуа Едігеева, Азиза Жақыпбек:
- Бүгінде кейбір азаматтар қазақ тілін күнделікті тұрмысында жиі қолдана бермейді. Жастар көп сөздің мән-мағынасын ұға бермейді. Жобаны қолға алуға осындай жағдайлар түрткі болды. Қазақ тілін үйренуге арналған мобильді қосымша талдау нәтижесі бойынша әдеби қазақ тілін оқытуға арналған қосымшаның жоқтығы да түрткі болды.
- Әңгімелеріңе рақмет.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: