Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Облыстық педагогикалық тамыз кеңесі өтті

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Өнер орталығында «Digital Kazakstan: Жаңа замандағы білім беру» тақырыбында облыстық педагогикалық тамыз кеңесі өтті. Алқалы жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов, Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова, облыстық сот төрағасы мен құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, білім беру ұйымдарының басшылары мен аймақ ұстаздары қатысты.


Бүгінгі «Digital Kazakstan: Жаңа замандағы білім беру» тақырыбындағы облыстық педагогикалық тамыз кеңесінде аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев оқушыларға әлеуметтік қолдау көрсетілетінін, тәрбие ісіне қоғам болып жұмылу қажеттігін айтты.
«Түрлі әлеуметтік санаттағы отбасылардан шыққан балаларды қолдау мақсатында пәрменді шаралар қабылдануда. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін өткен жылы 100 пәтер, биылғы бірінші жартыжылдықта 127 пәтер берілді.
Оларды әлеуметтік қолдау жалғасын табады. Биыл жергілікті бюджеттен жалпыға міндетті оқу қорына 5,2 млрд теңге бөлінді, 87 331 оқушыны ыстық тамақпен қамтамасыз етуге бюджеттен 9 млрд теңге қаржы қаралды (52 264 бастауыш сынып). Бұның барлығы – саламатты, білімді ұрпақ тәрбиелеуге көрсетілген мемлекет қолдауы.
Педагог қауымы өздеріне жүктелген мәртебелі міндетті абыроймен алып жүруі керек. Білім беру саласына қойылатын негізгі 2 ғана талап пен міндет бар. Оның бірі – сапалы білім беру, екіншісі –  саналы тәрбие беру. Балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәлімі мен тәрбиесін ұштау басты бағытымыз болуы тиіс.
Мектеп – оқушы – ата-ана үштағаны үйлесімділікте жұмыс жасауы қажет. Қазір жастар мен жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылық, құқық бұзушылық, қылмыс, суицид, кибербуллинг, топтық төбелес, тағы басқа да келеңсіз жағдайлар жиі кездесуде. Біз өз тарапымыздан кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу бағытында шаралар қабылдап келеміз»,– деді Н.Нәлібаев.
Жыл басында облыс әкімдігі облыстық прокуратура, облыстық полиция департаментімен бірлескен «Жол картасын» бекітті. Мамыр айының соңында құқық қорғау органдарының басшылары, ата-аналар мен педагогтер қатысқан, тәрбие саласындағы мәселелер талқыға түскен алқалы жиын өткізілді. Келелі кеңесте бала тәрбиесіне қатысты тұшымды ойлар мен ұсыныстар айтылып, сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.
Облыс әкімі өз сөзінде бала тәрбиесіне қоғам болып жұмылу, ұстаздармен қатар, ақсақалдар алқасының, аналар кеңесінің, қауымдастық мүшелерінің бірлескен шаралар қабылдауы өте маңызды екенін атап өтті.
Тамыз кеңесіне қатысушылар Халықаралық «Robotek Grand Tournament – 2024» чемпионатында озық шыққан, республикалық ғылыми жоба конкурсында  «Black hole» жобасын цифрлық технология негізінде зерттеп жүлдегер атанған, республикалық «Зерде» зерттеу жобалар конкурсында «Сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға жасанды интеллект технологиясымен «Logo master» арқылы көмектесу», республикалық ғылыми жоба конкурсында «Устройство урны для автоматической сортировки отходов» атты жобаларымен бірінші орын алған, «First Championship» республикалық робототехника байқауында «Ұйқыға қарсы көзілдірік, Метрологиялық станция» жобасымен бас жүлде иеленген оқушылардың жетістіктері таныстырылған көрмені тамашалады.
«Digital Kazakstan: Жаңа замандағы білім беру» тақырыбында өткен тамыз кеңесінде білім саласындағы құрылыс қарқыны мен алдағы міндеттер талқыланды. 
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, өткен жылы облыс орталығындағы 4 мектептің орын тапшылығы мәселесі  1 850 оқушыға арналған қосымша ғимарат салу арқылы шешімін тапты. Бюджетке салмақ салмай, қаржы үнемделді. 1 170 орындық 4 мектеп, жыл басында 550 орындық 2 мектеп ел игілігіне табысталды. Алдағы уақытта жаңадан 14 мектеп және 4 мектепке қосымша құрылыс салынып, пайдалануға беріледі.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры арқылы дарынды балаларға арналған 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп-интернат, Шиелі ауданында 100 орындық және Жаңақорған ауданында жергілікті бюджет есебінен 150 орындық мектептер салынуда. Аталған білім беру нысандары жақын күндері табысталады.
Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апатты мектеп және Ақшатау ауылындағы бастауыш мектептің жаңа ғимараты жеке инвесторлардың демеушілігімен бой көтерді.  
Бұдан бөлек, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры, жергілікті бюджет есебінен Шиелі, Жаңақорған, Қармақшы аудандарындағы, Қызылорда қаласындағы білім ошақтары жанынан оқу ғимараты, асхана, спорт залы сияқты қосымша құрылыстар жүргізілуде.
Жеткіншектерді қосымша біліммен қамту үлесін арттыру мақсатында «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 350 орындық заманауи Оқушылар сарайы, жергілікті бюджет есебінен Жаңақорған ауданында 200 орындық Оқушылар үйі және 50 орындық Өнер мектебі салынып, ел игілігіне табысталмақ. Сол жағалауда «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледж ғимараты салынуда. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында биыл облыс орталығынан «Шығармашылық академиясының» іргетасы қаланды.
Биыл жергілікті бюджет есебінен 8 мектеп ғимараты күрделі жөнделуде. Білім мазмұнын арттыру мақсатында мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтауға, бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін соңғы үлгідегі бейнекамералар алуға жергілікті бюджеттен 456 млн теңге қаржы бөлініп, 2 016 цифрлық камера орнатылды.
Барлық білім беру ұйымдары 100 пайыз қауіпсіздік жүйелерімен қамтылды. Келесі жылға мектеп, балабақша, қосымша білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйесін жаңартуға қосымша қаржы бөлінеді деп жоспарлануда.
Облыстық педагогикалық тамыз кеңесінде аймақ ұстаздарына көрсетілген қолдаулар мен білім саласын дамытуға бағытталған нақты қадамдар сөз болды.
«Мұғалімдерді әлеуметтік көтермелеу мәселесі назардан тыс қалмайды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздарына бірреттік қаржылай сыйақы тағайындады. Балалардың ұстаздарын да моральдық, материалдық тұрғыдан ынталандырды. Біз де өз тарапымыздан дарынды балаларды қолдауды лайықты деңгейде жалғастырамыз.
Өңіріміз соңғы төрт жылда ҰБТ-ның орташа балл көрсеткішімен республикада алғашқы үштікте болған. Биыл жиырма өңірдің ішінен оза шауып, бірінші орынға шықты.
Бұл – аймақ ұстаздары мен түлектердің күн-түн демей, аянбай еткен еңбегінің нәтижесінде қол жеткізген жетістігі. Алдағы жылдары да бағындырған межеден түспеу үшін нақты жұмыстар жалғасын табады.
Осы сәтті пайдаланып, барша Сыр ұстаздарына шынайы алғысымды білдіргім келеді. Педагог мәртебесін жоғарылату және шығармашыл мұғалімдерді қолдау бағытында бірқатар шара атқарылды. «Үздік педагог» республикалық конкурсынан 2023 жылы 5 педагог жеңімпаз атанып, әрқайсысы 3 млн теңге көлемінде грант иеленсе, жыл қорытындысымен 5 «Үздік педагогке» 1 млн теңге көлемінде бірреттік сыйақы берілді. Облыстық білім басқармасына экономика және қаржы басқармасымен бірлесіп, дарынды шәкірттер мен олардың ұстаздарын қаржылай қолдауды жалғастыру үшін тиісті ұсыныс енгізуді тапсырамын», – деді Н.Нәлібаев.
Биылғы Алаш қайраткерлері Жүсіпбек Аймауытовтың 135, Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жансүгіровтің, Сәкен Сейфуллиннің, Тұрар Рысқұловтың, Сұлтанбек Қожановтың 130 жылдығына арналған іс-шаралар балалардың рухани танымын тереңдетуге жол ашады. Аймақ басшысы облыстық білім басқармасына мәдениет, спорт, қоғамдық даму басқармаларымен бірлесіп, жаңа оқу жылынан бастап танымдық іс-шараларды нәтижелі әрі балаларға лайық етіп ұйымдастыру міндетін жүктеді.
Облыс әкімі жас ұрпаққа сапалы білім берудегі, тәрбиелеудегі ұстаздардың еңбегін ерекше атап өтіп, атқарылған жұмыстарды баяндады.
«Жылдағы дәстүр бойынша өздеріңізбен Тамыз кеңесінде бас қосып, білім саласындағы жетістіктерімізді саралап, мәселелер мен оларды шешу жолдарын бірлесе талқылауға жиналдық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында «Мектеп  – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай балабақшадағы және мектептегі білім мен тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ белсене атсалысуымыз қажет» деп атап өткен болатын.
Қай кезеңде де мемлекет дамуының басты тетігі, стратегиясы сапалы білімге негізделген. Білім сапасын арттыру, педагогтер қауымы мен оқушыларға жайлы жағдай жасау бүгінгі күннің алғышарты саналады. Бұл – келешегімізді кемел, елдігімізді мәңгі етуді көздейтін мемлекеттік көзқарасымыз және азаматтық ұстанымымыз. Біздің оқу-ағарту саласын дамытуға, білім сапасын көтеруге бағытталған бар жұмысымыз осындай алтын өзекке негізделген.
Биылғы тамыз кеңесінің «Digital Kazakstan: Жаңа замандағы білім беру» атауын еншілеуі – білім саласын цифрландыруды әрі қарай жалғастыру қажет екендігінің бір дәлелі.
Биыл білім саласына бөлінген қаржы 262,1 млрд теңгеге жетіп, облыс бюджетінің 35,8 %-ын (бюджет 732,8 млрд теңге) құрады. Бұл былтырмен салыстырғанда 8,5%-ға артық (2023 жылы 241,5 млрд теңге).
Тиісінше, алдағы жылдары білім саласына бөлінетін қаржы көлемі артады. Жаңа мектептер салу, апатты мектептерді және үш ауысымдық оқуды болдырмау – білім саласындағы басым бағыттардың бірі.
Осы жылы балабақшаларды қаржыландыруға 53,7 млрд теңге қаржы бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 9,8 млрд теңгеге артты (2023 жылы  43,9 млрд теңге). Өткен жылдың шілде айынан бастап меншік нысанына қарамастан барлық мектепке дейінгі ұйымдарға цифрландыру саласындағы жетістіктеріміздің бірі – Face ID мобильді қосымшасы енгізілді. Бұл арқылы балабақшаға нақты келген тәрбиеленушілерге ғана мемлекеттік тапсырыс орналастырылып, нәтижесінде 3 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік туды.
Қазір үйірмелерге нақты келген балаларды есепке алу үшін аталған жүйені мәдениет және спорт саласына енгізудеміз. Бәлкім, бұл жұмыстар оңай ақша тауып үйреніп қалған кейбір кәсіпкерлерге ұнамауы мүмкін. Дегенмен, біз цифрландыру саласындағы жаңашылдықтарды енгізіп, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына қатаң бақылау орнататын боламыз», – деді Н.Нәлібаев.
Педагогтердің басқосуында  ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың                           видеоқұттықтауы көрсетілді. Сонымен қатар, Меруерт Медетбекова мен Наурызбай Байқадамов жиналған қауымды Білім күнімен құттықтап, алдағы міндеттерді саралады. Облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек  Есжанов «Қызылорда облысында білім беру саласында атқарылған жұмыстар және міндеттер» тақырыбында баяндама жасады.
Сондай-ақ, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы-ректоры Бейбіткүл Кәрімова мен «Bilim Land» ЖШС директоры Санжар Кенжеханұлы көпшілікке жаңа ұсыныстар мен тың тақырыптар ұсынды.
Сырдария ауданындағы №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің 11-сынып бітіруші түлегі, биылғы оқу жылында бірнеше грант жеңіп алған талантты оқушы Асылжан Абдуллаев ұстаздарға алғысын білдірді.
Жиында елеулі еңбектің арқасында ұстаздар қауымы марапат төрінен көрініп, олардың бірқатарына ҚР Оқу-ағарту министрлігінің марапаты табысталды. Атап айтсақ, Ы.Алтынсарин, «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгілері, «Арнайы білім беру ісінің үздігі», «Қосымша білім беру ісінің үздігі», «Орта білім беру ісінің үздігі» дипломдары, облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Сонымен қатар, облыстың «Үздік орта білім ұйымы» грантын жеңіп алған Жалағаш ауданындағы Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейіне 34 млн теңгенің сертификаты берілді.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: