Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Елді дамытуға арналған айқын жоспар

Мемлекет басшысы өз сұхбатында биліктің барлық тармағының жұмысына жан-жақты тоқталды. Парламент қызметіне оң баға берді. Бұл депутаттарға тың күш-жігер беріп, ел игілігі жолындағы жұмысқа бізді жұмылдыра түседі.


Қазіргі таңда Парламент алдында үлкен міндеттер тұр. Атап айтқанда, төрт құжатты – Салық, Құрылыс, Су кодекстері мен Цифрлық кодексті жаңадан қабылдау. 
Ауқымды әрі келешегі зор тақырыптың бірі – жасанды интеллектіні дамыту. Депутаттар осы инновациялық саладағы қарым-қатынасты жаңаша қалыптастыратын, оның ел игілігі үшін прогрессивті дамуына жан-жақты жағдай жасайтын заң жобасына бастамашылық етті. Жұмыс тобына бүгінде ASTANA HAB-та жұмыс істейтін жетекші ІТ компаниялардан маман-сарапшылар кірді. Мәжілісте әзірленіп жатқан осы заң жобасының жақын арада таныстырылымы өтеді деп ойлаймын. 
Осы орайда елімізде озық зерттеулерді экономикаға енгізу тәжірибесі бар. Кезінде майнерлердің жұмысына құқықтық тұрғыдан жағдай жасалды. Қазіргі уақытта Астана халықаралық қаржы орталығы базасында крипта-биржа табысты жұмыс істеп, бюджетке тұрақты түрде миллиардтаған салық түсуде. 
Әр заң жобасы жаңа жағдайлар мен қоғамның сұранысын ескере отырып, өзі реттейтін салалардағы құқықтық қатынастарды қайта жандандыруға тиіс. Мемлекет дамуына тың серпін беруі керек. Бұл – депутаттардың халық пен Президент алдындағы зор жауапкершілігі. Осы ретте Мемлекет басшысы жан-жақты насихаттап жүрген «Заң мен Тәртіп» принципі жағдайында Парламенттен шығатын әр құқықтық құжаттың құндылығы мен маңызы арта түсуде. Сондықтан депутаттар азаматтық және сарапшылық қоғамдастықпен әріптестікке заңнаманы жетілдірудің барлық деңгейінде ерекше көңіл бөледі.
Қазір елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптасып келе жатқанын көріп отырмыз. Ашықтық пен пікір алуандығы жаңа саяси сипаттарға айналды. Алты саяси партиядан, бір мандатты округтерден сайланған депутаттар өз сайлаушыларымен күнделікті байланыста. Олардың талап-тілегін Парламент мінберінен жеткізуде. 
Осылайша, қоғамда қызу талқыға түскен бірыңғай уақыт белдеуі мәселесін депутаттар жұмысқа алды. «AMANAT» партиясының Парламенттегі фракциясы аталған мәселені Үкімет мүшелерімен, сарапшылармен, өңір өкілдерімен бірге екі рет қарады. Үкімет алдына сағат белдеуі ауысуының тұрғындар өмірі мен ел экономикасына әсерін анықтау бойынша жоспарланған барлық зерттеуді биылғы наурызға дейін жүргізу міндеті қойылды. Президент айтқандай, соның негізінде Парламент Үкіметпен бірге байыпты шешім қабылдайды. Бұл Мемлекет басшысы айқындаған «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» формуласы нақты жұмыс істейтіндігін және өзін-өзі ақтағандығын айқын көрсетеді.
Сұхбатында Президент болашақ жас буынның келбетін айшықтап берді. Түптеп келгенде, реформаларымыз сол өскелең ұрпақтың қамы үшін жүргізіліп жатыр. Бұл – барлық мемлекеттің стратегиялық ресурсы. Қазір біздің елде Отанымыздың өркендеуіне зор үлесін қосып отырған шын патриот жастар бар екенін мойындауымыз керек.
Мәселен, «Жастар рухы» жастар қанаты Президенттің айтқан сөздеріне әрдайым алғашқылардың бірі болып үн қосады. Осылайша, бұл ұйым «Таза Қазақстан» акциясының негізгі қозғаушы күшіне айналып, волонтерлық қозғалыс бүкіл ел бойынша қанат жайды.
Сонымен қатар, Президентіміз айтқандай, жастармен үнемі жұмыс істеу қажет. Соның ішінде жастар арасында дұрыс бағдар қалыптастыру үшін Мемлекет басшысы осы жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Ел бойынша еңбек адамының мәртебесін арттыруға, еңбексүйгіштік пен кәсіпқойлық құндылықтарын ілгерілетуге   бағытталған ауқымды жұмыс қолға алынды.
Президентіміз сұхбатында мерзімінен бұрын сайлау өткізу ықтималдығы, парламенттік республика құру, БҰҰ-дағы жұмыс туралы әр түрлі алып-қашпа әңгімелерге нақты әрі тура жауап берді. Бұл сұрақтарға нүкте қойылды десе де болады. Мемлекет басшысы өзінің таяу жылдарда елді дамытуға арналған айқын жоспары бар екенін және оны кезең-кезеңімен іске асыратынын тағы да растады. 
Бұл – азаматтардың талап-тілегінен және елдің мүддесінен туындайтын, әбден ойластырылған стратегия. Реформалардың нәтижесін біз күн сайын көріп отырмыз. Биліктің барлық тармағы толыққанды жұмыс атқарып, алға қойылған міндеттерді бірге орындап жатыр.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ, 
«Аманат» партиясы Сырдария аудандық филиалының атқарушы хатшысы 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: