![]()
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Мемлекеттік қызметші күніне арналған салтанатты шара өтті. Оған сала басшылары мен мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Аймақ басшысы әріптестерін мерекемен құттықтап, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы еңбектеріне алғыс білдірді.
“Баршаңызды Мемлекеттік қызметші күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Елге адал қызмет ету, Отанды шексіз сүю, туған елдің дамуына аянбай үлес қосу – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті.
Егемен еліміздің алдындағы стратегиялық міндеттерді орындауда мемлекеттік басқару жүйесіндегі қызметкерлерге артылған жауапкершілік жоғары.
Сіздер Қазақстанның жарқын болашағы жолында халық аманатын арқалап, уақытпен санаспай еңбек етіп, антқа адалдықтың, халыққа жанашырлықтың озық үлгісін көрсетіп келесіздер.
Туған жеріміз – Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға қосқан зор үлестеріңіз үшін шынайы ризашылығымды, алғысымды білдіремін!
Бүгінде жаңа трансформация кезеңінде кәсіби әрі тиімді мемлекеттік аппарат құру бағытында мемлекеттік қызметшілерді жұмысқа қабылдау тетіктері жеңілдеді.
Бюрократиядан арылу, артық кедергілер мен тосқауылдарды жою, кадрлық резервті қалыптастыру, меритократия қағидатын енгізу, қызметтерді сандық форматқа көшіру мемлекеттік қызмет моделін қолжетімді әрі сындарлы диалогқа негіздеді.
Соның нәтижесінде өңірде мемлекеттік аппаратты оңтайландырып, әкімшілік шығындарды азайтып, басшылық құрам санын қысқарттық.
Президентіміздің Әділетті, Таза, Қауіпсіз Қазақстанды құру жолындағы бастамалары мен тапсырмаларын аймағымызда сәтті жүзеге асырып, халық сенімінің үдесінен шыға берулеріңізге тілектеспін!
Баршаңыздың дендеріңіз сау, жақындарыңыз аман болып, отбасыларыңыздың бақ-берекесі арта берсін!”,-деді Н.Нәлібаев.
Басқосуда мемлекеттік қызметшілер марапат төрінен көрінді. Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері Әбдіғаппар Әмірғалиұлы мен Қожахмет Ильясов Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Мемлекеттік қызмет ардагері», облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменов, Қызылорда қаласының экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгілерімен марапатталды. Бірқатар азаматтарға Қызылорда облысының Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Сонымен қатар, жас мемлекеттік қызметшілерлердің Ант беру рәсімі өтті.