Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Шәкірттердің шеберлігін шыңдаған

Биыл әлемдік спорт шеберлері волейболдың 130 жылдық мерейтойын тойлады. Бұл ойынның ресми туған күні 1985 жыл деп есептелінеді. АҚШ-тың Массачусетс штатындағы белгілі Гелиокс колледжінде дене шынықтыру пәнінен сабақ берген американдық азамат Уильям Дж. 1897 жылы волейболдың 10 шартын ұсынған.

Уильям Дж. Морган бұл ойынды «МИНТОНЕТ» деп атаған екен. Негізінен волейболдың тарихы 19-шы ғасырдан бастау алады. Кейбір ақпараттарға сүйенсек, Еуропа, Орталық және Оңтүстік Америка халықтары осы тектес ойынды мыңдаған жыл бұрын ермекке айналдырған көрінеді. Ежелгі Рим жылнамаларында да біздің заманға дейін III ғасырда волейбол сынды фаустбол ойын түрі ұйымдастырылып тұрған. Олар әр командада 3-6 ойыншыдан бөлініп, допты алса қабырғадан лақтыруға тырысқан. Фаустбол ойыны әсіресе, Еуропа халықтарына кеңінен танылған. Ойын 15 минуттан 2 таимға созылған. Десе де, волейболдың ресми күні 1895 жыл деп белгіленді.
Волейболдың ресми күні 1895 жыл деп белгіленді. Оны алғаш ойлап тапқан- У. Дж. Морган. Арада бір жыл өткен соң, яғни 1896 жылы "минтонет" ойыны Спрингфилде (АҚШ, Массачусетс штаты) Христиан Жастар Одағының конференциясында назарға ұсынылды. Аталмыш одақ волейболдың бастамашылары бола білді.
Кейіннен тас қамалдан емес, арнайы тордан допты лақтыру мүмкіндігі пайда болған кезде профессор Альфред Хальстед "минтонетті" "волейбол" атауымен алмастыру қажет деп мәлімдеме жасады. 1897 жылы Христиан жастары қауымдастығы волейболдың ресми шарттарын айқындап, арнайы анықтама ретінде шағын кітапша басып шығарды.
1900 жылы волейбол танымалдығы жағынан АҚШ-тың шеңберінен шығып, әлемнің өзге елдеріне таныла бастады. Ойынға алғашында Канада, кейін Үндістан және Азия елдерін қызығушылық танытқан. 1905 жылы Куба, 1906 жылы Қытай, 1908 жылы Жапонияда волейбол құрамалары құрылды. 1909 жылдан бастап Пуэрто-Рикода бұқаралық ақпарат құралдырында волейбол матчынан репортаждар беріледі бастады. Мысалы, 1910 жылы Перу мен Филиппинде, 1912 жылы Уругвай да, 1914 жылы Англияда, 1917 жылы Мексика мен Францияда, 1918 жылы Италияда, 1919 жылы Чехословакияда, 1923 жылы Африка құрлығындағы Мысыр, Тунис, Марокко, ал 1924 жылы Испания мен Огославияда, 1925 жылы Голландияда Жастар Христиан Қауымдастығының бастамасымен арнайы командалар пайда болды.
Қазақстанда алғашқы жарыс 1926 жылы Қызылордада ұйымдастырылды. Қазақстан волейболы 20 ғасырдың 60-жылдары жақсы дамыған. Ол спорт шебері, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Октябрь Жарылғаповтың есімімен тікелей байланысты. Оның құрған «Буревестник» ерлер командасы 1969 жылы КСРО-ның, 1970 – 71 жылы Еуропа чемпиондарының кубогін жеңіп алды. Қазақстанда тәрбиеленген Валерий Кравченко, Олег Антропов, Надежда Смолеева 1968 жылы Мексикада өткен 19-Олимпиялық ойындардың, 1969 жылы Жәнібек Саурамбаев Еуропаның чемпионы атанды. Мұндай табысқа 1988 жылы Сеулдегі 26- шы Олимпиялық ойындарда Ольга Кривошеева, Елена Чебукина, Татьяна Меньшовалар жетті. Алматының АДК әйелдер волейбол командасы 1984 жылы КСРО-ның чемпионы атанды. Волейболшылардың халықаралық одағы 1924 жылы құрылған; 1992 жылдан осы одаққа Қазақстан Республикасының Волейбол федерациясы мүше.
Қазақстандағы волейболдың қалыптасуы неден басталғаны туралы сөз еткенде  осы бір теңдесіз текті спорт өнерін елімізде  негізін қалаған, аты әйгілі волейбол шебері, сонау  1970-1971 жылдары Алматынының «Буревестник» командасының құрамында  екі дүркін Еуропа чемпионы атанып, 1969 жылы КСРО біріншілігінің жеңімпазы болған  Октябрь Жарлығаповты міндетті түрде еске аламыз. Еске ала отырып, дарынды жанның салып кеткен сара жолы мен тактикалық ойын моделін бүгінгі күні кәсіби деңгейде өнер көрсетіп жүрген жастарымызға сабақ ретінде үйретіп жатса артық болмас  па еді деген ойдың қамауында қаламыз. Қазақ спорт тарихында әрбір спортты жекелей алып қарасақ саңлақ ағаларымыздың салып кеткен сара жолын көреміз. Мысалы, жеңіл атлетикада – Ғұсман Қосанов пен Әмин Тұяқов, күресте – Қабден Байдосов, Әбілсейіт Айқанов, Амангелді Гапсатаров, Аманжол Бұғыбаев, Асқантай Иманқұлов, бокста – Шоқыр Бөлтекұлы, Әбдісалан Нұрмаханов пен Серік Қонақбаевтар, көгалдағы хоккейде – Қазбек Байболов, футболда – Тимур Сегізбаев, Құралбек Ордабаев пен Сейілдә Байшақовтар, суға жүзуде – Бақи Елғондиев және баскетболда – Әлжан Жармұхамедов, волейболда – Октябрь Жарлығапов, Заңғар Жәркешев пен Жәнібек Сауранбаевтардың есімдеріне де айырықша тоқталып, мақтанышпен айтамыз.
 Бұл ойынды ағылшындар «қол добы» деп ойлап шығарғанда осыншалықты әлемге таралып кететін спорт түрі болатынын білмеген шығар. Бүгінгі таңда волейболдан олимпиада, Еуропа, Азия чемпионаттары, халықаралық жарыстармен қатар әр елдегі ішкі біріншіліктер дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл спорт түрін жас та, кәрі де ойнайтын болғандықтан жер шарына кең таралғаны анық. Қазақстанда волейбол 20 ғасырдың 60-70 жылдарында асқан қарқынмен дамып, қол добы ойынының алтын кезеңі басталғанын тарихтан білеміз. Сонау 1929 жылы Қазақстанда тұңғыш рет Алматы мен Фрунзе (Қырғыз КСР) қалаларының командалары арасында волейболдан кездесу өтті. Сол жылы Алматы малдәрігерлік иниституты құрылады. Айтулы білім шаңырағына дәл сол жылы аты әйгілі волейбол тарланы, қазақстандағы кәсіби волейболдың негізін қалаушы Октябрь Жарлығапов оқуға түседі. Октябрь Жарлығаповты сөз еткенде Қазақстан волейболының қалыптасу кезеңі мен «Буревестник» командасының тарихи жеңісін еріксіз еске аламыз.
Сыр өңіріндегі волейбол спортының дамуына Тұрғанбек Алтынбеков ағамыз көп еңбек сіңірді. Өзінің бастамасымен команда құрды, шәкірт тәрбиеледі. Інісі Жаңабек ағаның да тоспадоптың төрге озуына қосқан үлесі аз емес. Ұстаздық қызметінде қаншама шәкіртіне әуелей ұшқан допты қалай меңгеру қажеттігін үйретті. Сексен жастан асқан қадірменді қария әлі де жастарға сергектікті серік етуге кеңес береді. Сан алуан сайыста өзі тәрбиелеген шәкірттерінің ойынына қолдау білдіреді.
Түркістан өңірінде дүниеге келген ол ес білгенде Тұрғанбек ағасының волейбол ойнайтынын көріп өсті. Қарт Қаратаудың қойнауында жатқан шағын ауыл сол бір жылдары волейболға таңырқай қарайтын еді. Алтынбековтер әулетіне белгілі волейболшы Октябрь Жарылқаповтың туыстық жақындығы бар болатын. Танымал спортшы өзінің ізін басқан Тұрғанбекті спорттың осы түріне баулыды. Ал Тұрғанбек ағамыз інісі Жаңабектің волейболға жақындығын байқап жүретін-ді. Осындай күндердің бірінде інісіне доп әкеліп берді. Ағасының қамқорлығына шаттанған бала сол кезден бастап тоспадоп өнерін жанына серік етіп, оның әдіс-тәсілін жетік меңгеруге ерекше ықылас білдірді. Бәлкім, өзінің өмірлік жолында таңдау жасағанын сол уақытта білмеген де шығар…
– Қазіргі Түркістан облысының «Бабайқорған» ауылында жетінші сынып оқитын кезім еді. Ол уақытта Тұрғанбек ағам институтта волейболдан үздіктер қатарынан көрініп жүретін. Маған сыйға берген добы қызығушылығымды одан әрі арттыра түсті. Бұл 1955-1956 жылдардың шамасы болуы керек. Сабақтан қолым бос уақытта волейболдың әдіс-тәсілін үйренуге көңіл бөлемін. Ауыл арасында өткен жарыстарда командамыз алдыңғы орындардан көрінді. Мені ұстаздарым мақтай бастады. Ауылдағы мектепті бітіргеннен кейін білімімді Түркістандағы онжылдық мектепте жалғастырдым. Онда да волейболдан қол үзіп кеткен жоқпын, шеберлігімді шыңдай түстім, – дейді Жаңабек ағамыз бізбен әңгімесінде.
Мектепті бітіргеннен кейін Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына білім алуға келді. Ол уақытта институтта денешынықтыру факультеті болмады. Жас жігіт үшін басқа таңдау жоқ еді. Жаратылыстану мамандығы бойынша білім алуына тура келді. Соған қарамастан волейболмен айналысуды жалғастыра берді.
Еңбек жолын Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №171 орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастады. Білім ордасында еңбек еткен сегіз жылдан астам уақытта жас өрендерді спортқа баулыды. Оның ішінде волейболға қызығушылық білдірген оқушылардың шеберлігін жетілдіріп, көптеген жарысқа алып барды. Қай-қайсысында да шәкірттері табыс биігінен көрінді. Ұстазға бұдан артық қуаныш бар ма? Бұл оқушылардың спортқа деген қызығушылығын одан әрі арттыра түсті.
Арада сегіз жылдай өткенде қазіргі Абылайхан атындағы №140 орта мектепке дене тәрбиесінің мұғалімі болып қызмет ауыстырды. Оқу ордасында отыз жылдан астам жемісті еңбек етті. Жігерлі жастардан команда жасақтап, облыстық және қалалық сайыстарда жеңіске жетті.
– Волейболдың ерекшелігі көп. Бұл спорт түрімен айналысқан адам биіктікке секіруді шебер меңгеріп, мықты реакция көрсетуді жетілдіреді. Оның атауының өзі қалқып ұру дегенді білдіреді. Үнемі қозғалысты, шымыр болуды қажет етеді. Ең бастысы, қызығушылық болса деймін. Шәкірттерімнің барлығы сол талаптың үдесінен шығып келеді. Отыз жылға жуық уақыт ішінде қаншама жарысқа қатысты. Небәрі екі мәрте ғана жеңіс тұғырынан көріне алған жоқпыз. Қалғанында қарсылас шақ келмеді. Кейіннен олардың арасында кәсіби деңгейде ойнағандар бар. Еліміздің клубтарының намысын қорғап, аймақ абыройын асқақтатты. Осындай жетістіктерге жеткен шәкірттеріммен мақтанамын, – дейді ағамыз.
Әлемде волейбол жоғары бағаланады. Олимпиада ойындары күнтізбесінде бар. Онда дүниежүзіндегі тәжірибелі құрамалар бақ сынайды. Өкініштісі, қатарында қазақстандық волейболшылар көріне бермейді. Еліміздің көптеген командасында шетелдік ойыншыларға көңіл бөлінетінін айта кету керек. Салдарынан жергілікті жастар тасада қалып жатады. Сондықтан әр өңірде волейболды дамытуға көңіл бөлінгені артық емес.
Ұстаз тәрбиелеген спортшылардың облыс құрамасында ойын көрсеткендері аз емес. 2014 жылы жетекшілік еткен командасы оқушылар арасындағы жарыста жүлдегерлер қатарынан көрінді. Кейінгі жылдары облыстың ересектер құрамасына да тәлім үйретті. Байқоңыр қаласында өткен халық ойындары жарысында чемпион және жүлдегер атанды. Облыстық жарыста бес дүркін жеңіске жетті.
– Толағай табысқа жетуімізге Әсет Медеуов, Абзал Жақапбаев, Жансерік Әбдуайтов сынды шәкірттерім үлкен үлес қосты. Ешқайсысын бөліп-жармаймын. Десе де, жеке-дара шеберлігімен көзге түскендер қатарында Әсет пен Абзалды айта аламын. Ал Жансерікті жарты команда деп бағаласақ та жарасады, – деді ағамыз ағынан жарылып.
Волейбол – спорттың текті бір түрі деуге келетін сияқты. Бүгінде елімізде ерлер мен әйелдер арасындағы ел чемпионаттарымен бірге ардагерлер волейболы құрылып, жасы 60-70 алқымдаған ағаларымыз ала допты әуеде ұршықша иіріп, денсаулықтарын жақсартып жүр. Елімізде волейболдың әуесқой түрінен бөлек, кәсіби деңгейдегі қал-ахуалы көңіл қуантарлық жағдайда болмай тұр. Мысалы, Ұлттық команда құрамының жасара түскенінің себебінен бе әлде білікті волейбол мамандарының жетіспеушілігінен бе, әйтеуір еліміздің бас командасы соңғы кездері сүреңсіз ойындар көрсетіп жүр. Еліміздегі волейбол клубтары жайлы әңгіме бір төбе. Осындай сәттерді Октябрь, Жәнібек, Заңғар, сынды асқар таудай алып ағаларымыздың даңғыл жолын еріксіз еске алуға тура келеді. Біздің волейболда қазір көш бастайтын, аттары аталған ағаларымыз секілді намысы биік, шеберліктері жоғары серке ойыншылар жоқтың қасы. Тұлғалар арқылы тәрбие жұмысы да жемісін бермей тұрған секілді. Ендеше,Ұлттық құраманың тізгінін ұстаған жандар белсене іске көшпесе осы бір текті спорт түрі тығырыққа тірелуі әбден мүмкін. Назым Хикметтің «Мен жанбасам лапылдап, сен жанбасаң лапылдап» деген сөзін еске ала отырып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жұмыс істеу керек.
Көп адам волейбол десе ішкен асын жерге қояды. Қазірдің өзінде уақыт тауып спорт залға бас сұғып қана қоймай, халықаралық ардагерлер арасында өтетін тартысты жарыстарда әжептеуір ойын көрсетіп жүргенін көзіміз көрді. Кейінгі жылдары волейбол аулалық спорт түрі болып келгені рас. Содан кейін әр жыл сайын бұл спорт түрі қарқын алып кеңінен дами бастады.
 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: