Облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен аудандарға жоспарланған баспасөз туры Шиеліден басталды. Журналистер ауданда атқарылған жұмыстар барысына зер салып, құрылысы жүргізіліп жатқан нысандармен танысты.
![]()
Руханиятқа жол ашқан мекен
Облыс басшылығының қолдауымен салынған «Руханият орталығы» бүгінде жергілікті тұрғындардың жиі келетін орнына айналды. Ғимарат құрылысын «СМП-Қызылорда» ЖШС өткен жылдың сәуірінде бастап, желтоқсанда пайдалануға берді. Жобаның құны – 1,6 млрд теңге.
– Бұл аудан тұрғындары үшін елеулі оқиғаның бірі болды. Бұрынғы жылдары көпшілік үшін әр мекеменің түрлі ғимаратта орналасуы қолайсыздық тудырды. Енді ондай қиындық жоқ. Бір ғимараттан кітапхана, музей, архив, қоғамдық келісім және үкіметтік емес ұйымдар, неке қию қызметін пайдалана алады. Сондай-ақ ардагерлер мен жастардың осы орында бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік бар, – деді «Руханият орталығының» басшысы және аудандық орталықтандырылған кітапхананың директоры қызметін қоса атқаратын Гүлдана Жақыпова.
Оның айтуынша, келушілерге барлық қолайлы жағдай жасалған. Ғимараттың бірінші қабатында орналасқан музейде келген азаматтар ауданның тарихы, танымал тұлғалары, тарихи орындары мен тыныс-тіршілігінен мәлімет беретін құнды жәдігерлермен таныса алады. Музей заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Сол арқылы келушілер ауданның тарихы жайлы мағлұматтармен жан-жақты таныса алады.
Аудан аумағында ежелгі дәуірлерден сыр шертетін Бестам және Қызылтам секілді көне шаһарлар қоныс тепкен. Топырағын түрте қалсаң, тарихтан мол мағлұмат беретін қасиетті мекендер бүгінде мемлекеттің қорғауына алынған. Сондай-ақ Ақ орда мен Қазақ хандығының астанасы атанған Сығанақ пен Оқшы ата кесенесі – бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес қазына.
– Қазақ халқының азаттығы үшін аянбай күрескен Мұстафа Шоқай Шиелі топырағында дүниеге келген. Ауданнан кезінде күріштен мол өнім жинап, табыстан тау тұрғызған қаншама Социалистік Еңбек ері шықты. Кешегі соғыс жылдарында майдан даласында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жандардың бейнесі жадымыздан ешқашан өшпейді. Музейде осындай маңызды оқиғалар, деректер, жәдігерлер, суреттер кеңінен қамтылған.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаблеш Бекіш өзі басшылық ететін ұйымның жұмысы жайлы қысқаша баяндап берді. Аға буын өкілдері орталықта бас қосып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұсыныс-пікірін білдіріп отырады. Мұнда олардың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған бильярд залы орналасқан. Оған қоса ардагерлер мұнда шахмат пен дойбы ойнай алады.
– Расын айтқанда, бұрын бізде мұндай мүмкіндік болған жоқ. Қазір ардагерлер орталыққа жиі бас сұғып, кейбір маңызды мәселелер жөнінде ой-пікірін білдіре алады. Спорттық және мәдени шаралар ұйымдастыруға мүмкіндік жасалды. Бұл алдыңғы буынның қоғам өміріне белсене қатысуына оң ықпалын тигізеді. Кезінде еліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан әрбір азамат назардан тыс қалған емес. Түрлі мерекелік іс-шараларда, атаулы күндерде оларға құрмет көрсетіледі, – деді Қ.Бекіш.
Аудандық АХАЖ бөлімінің басшысы Ақбота Бейбітқызы заманауи талапқа сай келетін неке қию залы отбасылық өмірге қадам басқан жастардың маңызды мекеніне айналып үлгергенін атап өтті. Ашылған күннен бастап мұнда жүзден астам жас отбасы некесін қиды. Салтанатты шара өтетін арнайы бөлме көпшіліктің көңілінен шығады. Кең, зәулім, жарық, келушілерді бірден-ақ өзіне баурай түседі.
Ал аудандық кітапханада 100 мыңға жуық кітап қоры бар. Онда оқырмандар шетелдік және қазақстандық авторлардың шығармаларымен таныса алады. Сондықтан жергілікті тұрғындарға өз іздеген әдеби және деректі дүниелерімен осы орыннан танысуына мүмкіндік жасалған. Кітапханада мамандардың қызмет жасауына қолайлы жағдайдың бар екеніне көз жеткіздік. Арнайы бөлмелер, кітап сақтайтын орындар қарастырылған. Кітапханаға келушілер Wi-Fi қызметіне еркін қосылады, жаңа заманға сай компьютерлер бар. Мамандардан кәсіби кеңес алуына болады. Мұнда балаларға арналған арнайы бөлім қызмет көрсетеді. Олардың күшімен «Еркетай» қуыршақ театры мен «Шебер қолдар» үйірмесі жұмыс істейді. Көрме, әдеби кештер мен кездесулер жиі өткізіледі.
Білім – сарқылмас қазына
Ауданда білім саласының жаңа ғимараттары саны жыл өткен сайын артып келеді. Олардың қатарында 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі бар. Ғимараттың жобалық құны – 1 млрд теңге, алдағы қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазір құрылысты жүргізіп жатқан «СМП-Қызылорда» ЖШС жұмыстың басым бөлігін орындап үлгерді. Келешекте бұл орын жас өрендердің қабілетін арттыруға, білімін кеңейтуге жол ашады.
Аудандық құрылыс, архитектура және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанболат Данабеков екі нысанның құрылысын жүргізу барысында барлық талап қатаң сақталғанын атап өтті. Сондай-ақ жаңа заманға сай құрал-жабдықтар пайдаланылған. Бұл педагог мамандардың өз деңгейінде қызметін атқаруына оң ықпалын тигізеді. Жас өрендердің қалыпты деңгейде білім алуына қолайлы жағдай жасалады.
– Айта кетсек, ең алдымен жұмыс сапасына баса аударылып отыр. Ғимаратты салу барысында отандық өнімдер кәдеге жаратылды. Бұл өнімдер құрылыс сапасының тиісті талап бойынша орындалуына жол ашады. Оған қоса құрылыстың қазіргі стандарт негізінде жасалуына мүмкіндік туғызды, – деді Ж.Данабеков.
Бүгінде құрылыс алаңында 15 арнайы техника мен 90-ға жуық маман тоқтаусыз жұмыс жүргізіп жатыр. Олар екі ауысым бойынша еңбек етеді. Жұмыс белгіленген уақытта орындалып отыр. Қазіргі уақытта ішкі құрылыс жұмыстары қолға алынған. Шеберлер қабырғаны сылаумен айналысса, енді бірі еденге плитка төсеуде. Инженерлік коммуникация жүйелері тартылуда. Құрылыс аумағында көркейту-көгалдандыру жұмыстары да басталып кетті.
Алдағы уақытта мұнда үстел теннисі, шахмат, дойбы және өзге де бағыттар бойынша үйірмелер ашу жоспарланған. Олардың барлығы ақысыз қызмет көрсетеді. Бұл – жергілікті басшылықтың басты талабы. Осылайша жас өрендердің қосымша білім алуына қолайлы жағдай туғызады.
Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейе түсті
Шиелі ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде ауқымды жұмыс бар. Бұл кәсіпкерлердің тың идеясын жүзеге асыруына мүмкіндік беріп отыр. Аудан орталығында ашылған бизнес-инкубатор жастардың кәсіпкерлік қабілетін дамытуға негіз қалады. Бұл орынның пайдалануға берілгеніне небәрі екі айдан асты. Соған қарамастан көпшіліктің жиі бас сұғатын орнына айналып үлгерді. Бизнес-инкубаторда жаңашыл жобаларға қолдау көрсетілген. Ол ауданның экономикалық жағдайын жақсартуға, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеруге оң әсерін тигізеді.
Бизнес-инкубатордың жалпы құны 15 млн теңгеден асады. Жаңа ғимаратта шағын бизнестің бес нысаны орналасқан. Олардың барлығы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Нәтижесінде кәсіпкерлер өздерінің жаңа жобасын жүзеге асыруға қол жеткізді.
Аталған ғимаратта орналасқан «Жұлдызай» жеке кәсіпкерлігі бірнеше жылдан бері тәтті өнімдерді шығарумен айналысады. Ендігі кезекте кәсіпкер сапалы құрал-жабдықпен, еңселі және сәулетті ғимаратта жұмыс жасауға мүмкіндік алды. Өнімдер халыққа қолайлы бағамен сатылып жатыр.
Ал «Нұрислам» жеке кәсіпкерлігі цифрлық және сыртқа жарнама жасаумен айналысады. Қазірдің өзінде қызметіне сұраныс артып келеді. Бұл жергілікті тұрғындардың өз өнімдерін кеңінен жарнамалауға жол ашып отыр.
Сондай-ақ «Бақымова» жеке кәсіпкерлігі анимациялық киімдерді дайындауға бейімделген. Оған қоса шеберлер қазақша киімдер, қалыңдықа арналған көйлектер тігеді. Өте сапалы дайындалған, халықтың сұранысы жоғары.
Бизнес-инкубаторда орналасқан тағы бір нысан – «Кәусар» жеке кәсіпкерлігіне қарасы өндірістік алаң. Онда дәмді және пайдалы жартылай фабрикат шығарылады. Санитарлық-гигиеналық тауарлар, майлық секілді көптеген өнімді шығаратын «Орда» жеке кәсіпкерлігі де өз жұмысының ауқымын арттырып келеді.
Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбековтің айтуынша, Шиелідегі бизнес-инкубатор өз ісін енді бастаған кәсіперлерге арналған. Олардың барлығы жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Дегенмен ө жұмысын жүргізуге қолайлы ғимаратпен қамтамасыз етілмеген.
– Бұл орын кенттің орталық бөлігінде орналасқан. Оған қоса халықтың көп шоғырлаған бөлігінде қызмет көрсетеді. Бұл тұтынушылармен тікелей байланыс орнатуға, өз өнімдерін кеңінен насихаттауға жол ашады. Сондай-ақ кәсіпкерлер ғимарат үшін ешқандай ақы төлемейді. Жеке ісін жүргіземін деген азаматтар үшін үлкен қолдау екені белгілі. Сондықтан алдағы уақытта олардың қатары арта түсетініне зор сенім артамыз, – деді ол.
Бірінші байлық
Кейінгі жылдары ауданда жаңадан медициналық мекемелер бой көтеріп, халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған жобалар жүзеге асып келеді. Бұрын қолайсыз жағдайда жұмыс жасаған жұқпалы аурулар ауруханасы жақын уақытта заман талабына сай бой көтерген ғимаратқа орналасады. Онда бір мезгілде 30 адамға қызмет көрсетуге болады. Сондай-ақ аудандық көп салалы аурухана жанынан шілде айының аяқ шенінде МРТ орталығы ашылады.
Аурухана бас дәрігерінің орынбасары Бақтыгүл Мұсағалиеваның айтуыншағ, инфекциялық бөлім ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе екен. Бұрынғы ғимарат ешқандай талапқа сай келмейтін. Халыққа қызмет көрсетуге қолайсыз еді. Оның үстіне апаттық жағдайда. Қазір барлық технологиялық және санитарлық стандартқа сай келетін жаңа ғимарат бой көтеріп келеді. Инфекциялық бөлім 30 адамға лайықталған. Қажетті жағдайды оны 70 орынға дейін ұлғайтуға болады. Бұл эпидемиологиялық тұрақсыздықты дер кезінде қалпына келтіруге жол ашады. Тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік туғызады.
– Бірінші қабатта сегіз палата орналасса, екінші қабатта олардың саны тоғызға жуықтайды. Әрбірі жұқпалы аурулардың одан әрі таралмауына лайықталған. Қазіргі уақытта құрылысшылар ғимараттың негізі бөлігін аяқтап қалды. Ішкі сылақ жұмыстары қолға алынған. Қазіргі заманға сай бөлімшеқұрылысының маңызды бөлігі ретінде соңғы үлгідегі магниттік-резонанстық томографты орнатуға мән беріп отырмыз, – деді Б. Мұсағалиева.
Ал МРТ орталығында құрал-жабдықты орнату жұмыстары атқарылды. Бетон қабырға қойылып,, оған арнайы медициналық бояулар қолданылды. Жаңа құрал-жабдық жақын уақытта ауданға жеткізіледі. Бұл ауру түрлерін дер кезінде анықтау мүмкіндігін ұлғайтады. Жоғары технологиялық томограф аппаратының құны 650 млн теңгеге жуықтайды.
Көркейту – халықтың ортақ міндеті
Баспасөз турында журналистер Ы.Жақаев атындағы мектепті күрделі жөндеу, жаңа спорт кешенінің құрылысымен танысты. Спорт кешенінде командалық ойындарға арналған әмбебап зал, фитнес орталығы мен жаттығуға лайықталған алаңдар орналасады. Ол бұқаралық спортты дамытуға ерекше серпін береді. Ал мектепті күрделі жөндеу жұмыстары уақытында атқарылуда. Ғимараттың сырты қапталып, инженерлік жүйелер жаңалануда. Бұл оқу процесінің қазіргі заман талабына толықтай сай келуіне оң ықпалын тигізеді.
Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков Шиеліде көркейту-көгалдандыру бағытында да оң істер атқарылып жатқанын атап өтті. Негізгі көшелер, алаңдар мен вокзал аумағы қазіргі заман талабына сай және халыққа қолайлы. Бүгінде тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобалар бағытталған кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді.
– Шиелі кенті мен әр ауылда көркейту-көгалдандыруға байланысты жұмыстар қолға алынған. Биылғы алты айда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында алты ауылдық округте жолдар жөндеуден өткізілді. Жұмыс жыл соңына дейін жалғасын табады, – деді аудан басшысы.
Шиеліде жаңа мектептер, балабақша, мәдени және спорттық нысандар, медициналық мекемелер бой көтеріп, халықтың жағдайы жақсара түсті.
Шиелі ауданы даму қарқынымен ерекшеленіп, инфрақұрылымды жаңартуға, жаңадан әлеуметтік нысандардың ашылуына баса мән беріліп отыр.