Бұрындары "Үкімәт, шіркін, кең ғой, қолынан келмейтіні жоқ" дейтін күншуақтаған ауыл кемпірлері. Сондағысы - ел ішіне жаңа құбылыс еніп, өзгешелік орнағанда айтатын сөзі ме деп топшылаймын кейде. Ішкі таңырқауын солай білдіріп жататын. Әнебір жылы ауылға ұялы телефонның мұнарасын құрып, желі пайда болғанда осы үлкендер алдымен ішегін тарта таңырқаған. "Ее, Құдай да шебер ғой" деп сиыну аралас күбірін де естігенбіз.
Қош, Үкімет үлестірмесе үлгергеніне беріп жатыр. Солай істейді. Жоқ дей көрмейік, мемлекет тарапынан қолдау бар. Оны да иық үстіне орналасқан қауақшасын қозғай білгендер пайдаланып жүр. Қарекет қылады, қызығын да көреді.
Қазір түрлі бағдарлама бар. Мемлекет құрған бастамалардың бәрі "қолдаймыз, тек тірлік қылыңыз" дегенге саяды. Әсіресе, кәсіп істеп, өз күнімді өзім көрем деп жүргендерге таптырмас мүмкіндік.
Біздің Қазалының арғы бетіндегі көп ауылдың бірі - Майдакөл. Шағын ауылға да жатпайды, сондай-ақ үй саны да аз емес. Ақжона Ауылдық Округі деген құжаттық есімі де бар.
Қарап жүрмей, қарманып жүрейік дегені болар, сол елдегі 25 жасар Гүлжазира жылқы бағуды ойлапты. Жас келіннің жобасын жергілікті билік те жатырқамаған. "Әп, бәрекелді" дескен. Ауылда өскен қыздың ынтасын жолдасы Ерлан да қуана қоштаған.
Құжат жинақтау, бизнес жобасын құру жағынан тиісті мамандардың көмектесетіні анық. Бәрінен сәтті өткен. 3 млн. 400 мың теңге қолға тиіпті солай.
Айтпақшы, бізде "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" дейтін мекеме бар. Қомақты ақшаны ұсынған да солар екен.
Гүлжазира мен Ерлан ойласа отырып, бұл ақшаға 11 бас жылқы алыпты. Жылқы болғанда, кіл байтал. Көбейгені керек қой. Жас отбасы бұл тірлігін әріден ойлағаны көрініп тұр.
Гүлжазира бір күнде осылай жылқышы атанды. Ата кәсіпті ардақтаған қазақи келіннің ендігі арманы - бие сауып, қымыз ашыту. Мал басын көбейту.