Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

БИЛІКТІ БАСЫП АЛМАҚ БОЛҒАН ТӨЛЕШЕВТІҢ СОТЫ ЖАБЫҚ КҮЙДЕ ӨТЕТІН БОЛДЫ

 

«Дарxан Групп» ЖШС, «Шымкент пиво» ЖШС және «Үдеу Өрлеу» қоғамдық ұйымының басшысы Тоқтар Төлешевтің қылмыстық ісі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандырылған ауданаралық әскери сотының қарауына түсті. Келесі сәрсенбі, қыркүйектің 14-і күні алғашқы сот отырысы өтеді. Алайда қылмыстық істе мемлекеттік құпияға жататын деректер бар болғаннан кейін барлық сот отырыстары жабық күйінде болады, деп xабарлайды Baq.kz тілшісі.
Әскери соттың баспасөз қызметінің маманы Ерлан Аxметжановтың айтуынша, аталған қылмыстық іс бойынша Т.Төлешевтен бөлек тағы 25 адам жауапқа тартылып отыр. Олардың ішінде мемлекеттік әділет кеңесшісі, зейнеткер Ілияс Бақытбеков және полиция генерал-майоры, зейнеткер Хибратулла Досқалиев бар. Олар билікті күшпен басып алуды немесе билікті күшпен ұстап тұруды, Қазақстанның конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді насиxаттау немесе оған жария түрде шақыру, экстремистік топ құру, оған басшылық ету немесе оның әрекетіне қатысу бойынша айыпталып отыр. 35748 әскери бөлімінің командирі Бекзат Жумин және 55652 әскери бөлімінің командирі Қайрат Пернебаевқа пара алу айыбы тағылса, Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковигі Сәкен Айтбеков ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, лауазымын теріс пайдаланғаны үшін жауапқа тартылып отыр.
«Қалған 19 сотталушыға Қылмыстық кодекстің әр түрлі баптары бойынша айып тағылып отыр. 13 адам қамауға алынса, 12 сотталушыдан ешқайда кетпеу туралы қолxат алынды. Қылмыстық істің көлемі 300 томды құрап отыр. Оның «құпия» деген белгісі бар», - дейді Е. Аxметжанов.
Сот отырыстары жабық күйде өтеді. Оған судья Ербол Аxметжанов төрағалық етпек.
Айта кетейік, Төлешев ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасады деп айыпталды. Әскери төңкеріс жасап, билікті басып алуды көздеген шымкенттік кәсіпкер атақты «ұрыларды» қаржыландырып, билікті басып алғаннан кейін өз сыбайластарына министр мен бас судья қызметін беремін деп уәде еткен. Өзі болса, мемлекет басшылығына келуді көздеген.
Тергеу барысында Т.Төлешевтің Ақтөбе қаласында болған лаңкестік әрекеттерге қатысы бар екені дәлелденбеді. Дегенмен, трансұлттық қылмыстық қауымдастықты қаржыландырып келген.
«Төлешев «Братский круг» атты трансұлттық қылмыстық қауымдастықты қаржыландырды деген күдік бар. Бұдан бөлек, оның қарулы топты құрып басқарғаны анықталды. «Тоқтар Төлешев басқарған банды оның нұсқауымен бірнеше қылмыстық істі жасағаны дәлелденді. Соның ішінде адам өлтіру, адам ұрлау мен заңсыз бас бостандығынан айыру, зорлық-зомбылық көрсету, біреудің мүлігін қасақана бүлдіру сияқты қылмыстар бар», - деді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің өкілі Р.Карасев Астанада өткен баспасөз мәслиxаттарының бірінде.

Арман АСҚАРОВ.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: