Медициналық нысандар құрылысы қарқынды жүргізілуде
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы медициналық нысандардың құрылыс барысымен танысты.
Мемлекет басшысы қаламызда өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында:
"Қазір Қызылорда облысында, әсіресе, әлеуметтік салада жақсы жаңалық көп. Үш жылда осы аймақта 34 білім беру, 45 мәдениет және спорт нысаны салынды. Бұған қоса, 40 медицина нысаны ашылды. Менің тапсырмаммен Қызылордада 300 орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Көп ұзамай 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салынады" деп атап өткен болатын.
Нұрлыбек Машбекұлы Титов шағын ауданында салынып жатқан, бір ауысымда 400 келушіні қабылдайтын №5 қалалық емхананың құрылыс алаңына барды.
Бүгінде аумағы 9 мың шаршы метрлік медициналық нысанның үшінші қабатының монолитті бағандары бетондалуда. Бірінші қабаттың аралық қабырғалары қаланып, ішкі инженерлік желілер тартылып жатыр. Жертөле қабатының аралық қабырғаларын қаланып біткен.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары Сырдария өзенінің сол жағалауындағы бір ауысымда 500 адам қабылдайтын емхана құрылысымен де танысты. Қазіргі уақытта нысанның іргетасы қалануда. Көпсалалы орталықта амбулаториялық-емханалық, диагностикалық және күндізгі стационарлық қызмет көрсетіледі. Мұнда жалпы және акушерлік-гинекологиялық тіркеу, педиатрия, мамандандырылған және шұғыл медициналық көмек, профилактика және мектеп медицинасы бөлімдері орналасады. Сондай-ақ, 50 төсектік күндізгі стационар, орталық стерилизация бөлімі, дәрілік қамтамасыз ету қызметі, оқу кабинеттері, 50 орындық аудитория және 200 орындық конференц-зал қарастырылған.
Сол жағалаудағы 300 төсектік көпбейінді аурухана - бір ауысымда 100 адамды қабылдайтын емханасы бар медициналық кешен. Онда емхана, пансионат, операция, реанимация, химиотерапия және радиотерапия бөлімдері, физиотерапия, қабылдау және әкімшілік блоктары болады. Қазіргі уақытта абаттандыру және ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Бұған дейін бетондалып, аралық қабырғалары қаланып және сырланып біткен, еденнің тегістегіш қабаты құйылған. Осы кезде керамикалық плитка төселіп, сыртқы қасбетке линеарлы панель орнатылып жатыр.