Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қазағымның үнісің сен, домбыра!

Қазақ өнерінің көрнекті тұлғасы Ахмет Жұбанов: «Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген, бірде шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды, жүрекке жақын, оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырады. Сымдай тартылған қос ішекте сан ғасырдың сан алуан сипаты, ақыл-ойы, көңіл күйі жатыр. Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі» деген екен.

Президент Жарлығымен елімізде 2018 жылдан бері Ұлттық домбыра күні мерекеленіп келеді. Айта кетейік, бұл мерекені ел тұрғындары ерекше ықыласпен қабылдап, жыл өткен сайын оның қоғамдық сипаты артып келеді. Шындығында, музыка саласында сан түрлі аспаптар болғанымен, біздің халқымыз үшін домбыра мен қобыздың үні ерекше. Өйткені олардың үні сан ғасырдан бері сайын даланың самалымен жетіп, санамызға әбден сіңген болса керек.
Кей деректерге сүйенсек, "домбыра" сөзі көне шумерден аударғанда "кішкене садақ" деген мағынаны білдіреді. Ал академик Ахмет Жұбановтың айтуынша, "домбыра" сөзі "қозы құйрық" сөзімен байланысты "дунбаһ" және "бурра" деген қос араб сөздерінен шыққан. Ғалым шамасы домбыраның шанағының сүйірленіп барып, қозы құйыршықтанып бітетінін негізге алған болуы керек.        
Белгілі зерттеуші Хайролла Жүзбасовтың пікірінше, домбыра сөзі "дөп бұра", "дәл бұра", "дем бұра" деген сөздердің тізбегінен жасалған.
Тағы бір деректерде "домбыра" атауы "дом+бұра" деген сөздерінен шыққан делінеді. "Дом" сөзі қазір "домығып, ісініп кету" мағынасында қолданылып жүр. Ал "бұра"  "күйге келтір" дегенге саяды.
Түрлі зерттеулерге сүйенсек, домбыра мен өзге халықтардың осы тектес аспаптары сонау орта ғасырларда белгілі болған. Мысалы, әл-Фарабидің еңбектерін оқысаңыз, тамбур аспабы жайлы кездеседі. Өзбектердің домбыраға ұқсас екі ішекті дутары алғаш рет әл-Хусейнидің "Музыкалық канон" трактатында айтылды.
Археологиялық қазба жұмыстары, тасқа түскен ескерткіштер домбыраның ежелгі түркі дәуірінде пайда болғанын көрсетеді. Алғаш домбыраның шыққан жері түркі халықтарының алтын бесігі Алтай тауы болып саналады.
Белгілі түркітанушы ғалым Сартқожа Қаржаубайұлының зерттеу дерегі бойынша Монғол Алтай тауының сілеміндегі Жарғалант-Қайырқан жотасының бір үңгірінен табылған домбыра тектес көне саз аспабы екі ішекті, тоғыз пернелі. Әрі саз аспабының мойнында ежелгі түріктің руна жазуы бар. Шанағына бұғының, бұланның бейнелері ойылып салынған, пернелері ағаштың қабығынан таспаланып тілініп  жапсырылған, басы бұғы мен бұланның басына ұқсас және ол тас бетіндегі ежелгі түрік ескерткіштерінен көп айырмашылығы жоқ. Табылған саз аспабының пішіні бүгінгі күнгі алтай домбырасына ұқсас. Зерттеуші-ғалым бұл жәдігерді б. з. 5-6 ғасырына жатқызады.
Алматы облысында "Майтөбе" жайлауынан жоғарғы тау шатқалындағы көптеген суреттің арасынан тастан қашалған көне домбыраның суреті табылған. Бұл тастағы суретті 1986 жылы белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы тауыпты.
Суретте домбыраның артында бес адамның әртүрлі қимылда билеп тұрғаны бейнеленген. Аспаптың екі құлағы бар, яғни екі ішекті, ұзын мойны, кеудесі бар, бетін бетқақпақпен жапқан. Домбыраның басына үкі тағылған. Ал домбыраға үкі тағу әдеті бізге күні бүгінге дейін жеткені баршаға мәлім. Белгілі археолог, тарих ғылымының докторы Кемел Ақышев бастаған бір топ ғалым тасқа қашалған осы суретті зерттеп, бұл сурет кем дегенде неолит (б.д.д. 4000 жыл) дәуірінде бейнеленген деп тапқан.
Домбыра әр өңірде жергілікті халықтың тұрмысына, салт-дәстүріне, ән-жыр, күй мектебі мен өнерпаздардың орындаушылық мәнеріне, шеберлердің ісмерлігіне байланысты әртүрлі пішінде дамып, өзгеріп отырған.
Мәселен, ән-жыр айтуға арналған домбыраның пернелері 8-9, әрі кеткенде 14-15-ке жетсе, күй домбырасында 20-дан астам перне болады. Олардың құлақ бұрауы да қажетіне қарай (кварта, квинта) өзгертіледі.
Домбыра, негізінен, екі ішекті, кейде үш ішекті болып келеді.
Қазіргі кезде домбыраның 20-дан астам түрі бар.
Домбыра құрылысы бірнеше бөліктен тұрады: басы, құлақтары, пернелер, мойын, ішек, шанақ, қақпақ және ілгек. Қақпақ – бетқақпақ деп те айтылады.
Сондай-ақ, оның көптеген қосымша бөлшегі бар: тиек, кемер ағаш, тұжым ағаш, бастырма, ойық, қалқа, түйме, өрнек, желкелік. Домбыра тиегі үш түрлі болады: шайтан тиек, негізгі тиек, табалдырық тиек.
Домбыра дыбыс өткізгіштігі жоғары қарағай, дыбыс жаңғырту қасиеті бар тұт, қатты жынысты үйеңкі, емен секілді киелі ағаштардан, негізінен, екі түрлі әдіспен – құралып немесе ойылып (шауып) жасалады. Құрама домбыралардың шанағы жұқа тілшелерден құралып жасалса, бітеу домбыра тұтас ағаштан ойылады.
Күйлер, негізінен, үш аспапта – домбыра, қобыз, сыбызғыда орындалған. Соның ішінде, дәстүрлі қазақ музыкасының мейлінше кең таралған саласы – домбыра күйлері.
Қазақтың домбыра күйлері орындаушылық ерекшеліктеріне, күйдің кұрылымына байланысты төкпе және шертпе деп бөлінеді.
XX ғасырдың 20-жылдары қазақтың ән-күйін жинақтаған А.Затаевич өзінің әйгілі "Қазақ  халқының 1000 әні" кітабында: "Сырт көзге қарапайым көрінетін домбыра шебер орындаушының қолына тигенде өз шамасынан әлдеқайда асып түсіп, құлпырып шыға келетініне қайран қаласыз" дейді.
Домбыра күйлері ЮНЕСКО-ның адамзат игілігіндегі материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген.
Халық мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында 2007 жылы, сол кездегі облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қолдауымен облыстық филармония жанынан халық аспаптар оркестрі құрылды. Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 125 жылдық мерейтойы қарсаңында құрылған оркестрге шайырдың аты берілді. Оркестрдің алғашқы көркемдік жетекшісі және бас дирижері Гүлдәрі Ізбанова, дирижері Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің директоры Кеулімжай Ботабаев болды.
Оркестрдің көркемдік жетекшісі қызметін 2009-2015 жылдар аралығында Гүлсім Бекмағамбетова, Мырзағали Толыбеков, 2016 жылдан бастап Мәдениет саласының үздігі, бас домбырашы Самат Абылаев атқарып келеді. Ал оркестрдің бас дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Кеулімжай Ботабаев, дирижері республикалық дирижерлар конкурсының лауреаты Руслан Балмасов.
Өнер ұжымын Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы мен Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжін бітірген жоғарғы санаттағы кәсіби музыканттар құрайды.Оркестр репертуарында халық және Қазақстан композиторларының шығармалары, ән-күйлері, классикалық және Батыс Еуропа композиторларының, барлығы 200-ден аса шығарма бар. Сонымен қатар, Сыр елінің атақты күйші-композиторлары Қазанғап, Шал Мырза, Бекпембет, Әлшекей, Жалдыбай, Құрақтың Досжаны, Қаражанның Төлегенінің күйлері мен шығармалары және жергілікті күйші-композиторлар Исламбек Ысқақов, Мұрат Сыдықов, Альберт Алмағамбетов, Төлепберген Тоқжановтың ән-күйлері мен шығармалары да – оркестр репертуарын байыта түскен құнды дүниелер.
Тұрмағамбет оркестрі облыс әкімдігінің қолдауымен өткен Қызылорда қаласының 190 жылдығына арналған «Сырдария саздары» атты халықтық ұлт аспаптары оркестрлері мен ансамбльдердің облыстық фестивалі, Ақтөбе қаласында өткен «Жұбанов көктемі – 2010» халықаралық фестивалі, Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орай Атырау қаласында өткен халықаралық ұлт аспаптар оркестрлерінің фестивалі сияқты ауқымды мәдени іс-шараларда жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Қазақстан астаналары болған Орынбор, Қызылорда, Алматыда, Астана қаласында өткен «Орынбор-Ақмешіт-Алматы-Астана» атты өнер керуенінің концерттік бағдарламасының негізін оркестрдің репертуары құрады. Сонымен қатар, еліміздің әр өңірінде өтетін дәстүрлі мәдениет күндері аясында Тұрмағамбет халық аспаптар оркестрінің шығармашылығы арқылы Сыр өнері кеңінен насихатталып келеді.
Алыс-жақын шетелдермен де мәдени байланыс бар. Айталық, оркестр 2018 жылы Түркия мемлекетінің Кастамону, Болу, Ақсарай, Анкара қалаларында өткен түркітілдес халықтардың өнер фестивалінде, 2019 жылы Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында Науаи қаласында «Сырдария – достық арнасы» атты концертте өнер көрсетіп, ұлтымыздың дәстүрлі өнерін дәріптеді.
Оркестрде әр жылдары Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе, музыка зерттеуші, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Еркін Нұрымбетов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Үкібаев, дирижер, күйші, композитор, өнер зерттеуші, Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті, Мәдениет қайраткері Қарасай Сайжанов, Қазақстан Қарулы Күштері ұлттық-әскери-патриоттық орталығының аға музыканты, Мәдениет саласының үздігі Әділет Азбаевтың шеберлік дәрістері өткізілді.
Ұлт өнерінің мақтанышына айналған КСРО Халық артистері Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның Халық артисі Нұрғали Нүсіпжановтың Тұрмағамбет оркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсетуі оркестрдің кәсіби деңгейінің биік екенін аңғартады. Сондай-ақ оркестрдің негізін қалап, өнер ұжымының қалыптасуына өз үлесін қосқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Мұстафаев, академик Төлепберген Тоқжанов сынды өнер қайраткерлері бүгінде еліміздің таңдаулы оқу орындарында жас таланттарды тәрбиелеу жолында қызмет етуде.
Әр жылдары Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлеген Мұхамеджанов пен Нұржамал Үсенбаеваның шығармашылық кеші, Қазақстанның Халық артистері Секен Тұрысбек, Айгүл Қосанованың, Майра Мұхамедқызының концерттері Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрінің сүймелдеуімен өтіп, халықтың ыстық ықыласына бөленіп келеді.
Осындай рухани тағылымы мол өнер кешінің қатарында Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Тұрар Әліпбаевтың «Күй күмбірі» атты шығармашылық кешін, Сырдың тумасы, «Құрмет» орденінің иегері, академик Төлепберген Тоқжановтың 60 жас мерейтойына арналған «Сыр – Ана» атты күй концертін айтуға болады.
Айта кетейік, Ұлттық домбыра күніне орай қалалық паркте Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің «Домбыра – дастан» атты концерті өткелі отыр. Оркестрдің көркемдік жетекшісі – Мәдениет саласының үздігі Самат Абылаев.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: