Қызылорда облысының 70, Қызылорда қаласының 190 жылдық мерекесіне орай жарық көрген «Алаштың Ақмешіті» атты кітапта қалың қатпарлы тарихтың куәгері болған қаланың өткені туралы мол мағлұмат жинақталған. Бүгін сол кітаптың «Астана болған Ақмешіт» атты тарауынан үзінді жариялап отырмыз.
![]()
Патшаны тақтан тайдырған большевиктер ұлттар мәселесіне баса назар аударуға тырысты. 1918 жылы қабылданған тұңғыш Конституцияда әр халықтың дербестігі сақталатыны негізі ұстаным ретінде қарастырылған. Алайда кейінгі тарихи тәжірибе көрсеткендей, ұлттардың өзін-өзі басқару және қажет жағдайда Одақ құрамынан шығу құқығы сөз жүзінде ғана қалып, кеңестік саяси билік бір орталыққа шоғырланды. Сол жылдың 20-30 сәуір аралығында Ташкент қаласында Түркістан кеңестерінің төтенше съезі шақырылды. Съезд РСФСР құрамында Кеңестік социалистік Түркістан автономиясының құрылғанын жариялады. Автономия құрамына қазіргі Қызылорда облысы да енді.
Жаңа үкімет орнасымен ел ішінде азамат соғысы етек алды. Тұтас бір мемлекеттің басына төнген зобалаңның жалғыз-ақ жауабы бар еді. «Төңкеріс қантөгіссіз болмайды!» Кеңес үкіметінің алғашқы аяқ алысындағы ағаттықтарды жуып-шаю үшін айтылған осы сөз кейін колхоздастыру, «халық жауларын» әшкерелеу секілді үлкен саяси науқан кездерінде тағы қайталанды.
1920 жылдың тамызында Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы құрылды. Жаңа республика құрамына Орал, Орынбор, Қостанай, Бөкей, Ақмола, Семей және Адай аудандары енгізіліп, Қазалы мен Перовск уездері Түркістан АССР-інде қалып қойды. Түркі халықтарының бас біріктіруін қаламаған орталық ұлт мәселесін оңтайлы шешу деген желеумен АССР аясындағы өзбек, тәжік, түрікмен халықтарын өз алдына бөлек республика жасады.
Бұл өзгеріске қазақ қайраткерлері, әсіресе, Сұлтанбек Қожанов жан-тәнімен қарсы болды. Түркі дүниесін дүр сілкіндірген бұл өзгерістің барысында талас-тартыс, қарама-қайшылық көп кездесті. Бөліну мен бірігу процестері қым-қиғаш жүріп жатты. Тарихы мен тағдыры жақын ұлттардың арасына сына қағылды. 1924 жылғы 10 наурызда Ташкентте өткізілген кеңесте Түркістан КП орталық комитетінің хатшысы А.Рахымбаев «Түркістанның ұлттық-территориялық межеленуі туралы» деген тақырыпта баяндама жасап, Орта Азияны ұлт республикаларына жіктеуді бірден-бір дұрыс жол деп бағалады. Оны Н.Айтақов, Қ.Атабаев секілді қайраткерлер сөйлеген сөздерінде қолдады. Ал Ортаазиялық экономикалық кеңестің төрағасы М.Паскуцский мен Сұлтанбек Қожанұлы екеуі межелену ісін мақұлдамады. Олар экономикалық және саяси-әкімшілік жағынан біртұтас Орта Азия федерациясын құруды жақтады. Сұлтанбек «түркі тайпалары бірыңғай түркі тектес халықтарды құраған», «оларды жасанды түрде айыруға болмайды» деп дәлелдеп бақты. Бірақ Паскуцский мен Қожанұлының жоспарлары жүзеге аспай, қолдаусыз қалдырылды. Орта Азия республикаларын межелеу жөніндегі территориялық комиссияның 1924 жылғы 17 тамыздағы пленумында да, одан кейін Түркістан республика басшы ұйымдарының сол жылғы 14 қыркүйекте болған біріккен пленумында да Сұлтанбектің Орта Азия федерациясы туралы талап-тілектеріне тойтарыс берілді. Кейінгі басқосуда РК(б)П ОК Орта Азия бюросының пікірін білдірген ТКП орталық комитетінің хатшысы И.Варейкис: «Қазір жұрттың бәрінің көңіл-күйі бірігуге емес, бөлінуге бейім тұр» деп кесіп тастады. Сөз жоқ, мұнан кейін Сұлтанбек Қожанұлы қайраткер ретінде, ең алдымен, өз жұртының жайын қамдап, жоғын түгендеуді қолға алды. Ол сол тұста жазылған «Дау тоқтап, іс басталсын!» атты мақаласында: «Осы күнге дейін бір болып келген, шаруа жағынан жігі ашылмаған Түркістан енді тозып, төрт-бес мемлекет болып отыр. Басқалар Орта Азия шаруа бірлігін жасап, бірден бөлініп кетпестен, шаруа істерін бір жөнмен жүргізбек болып отырғанда, Орта Азиядан қазақ облыстары шықты саналып отыр. Жетісу мен Сырдария шаруа жағынан, әлі де болса, Қазақстаннан гөрі, Орта Азия мемлекеттеріне байланысты» («Ақ жол», 1924, 14 қараша), – деп, қазақ жұртының әрі-сәрі күй кешіп отырғанына қамықты.
ХХ ғасырдағы Қазақстанның тұңғыш астанасы Орынбор қаласы болғаны тарихтан белгілі. Ұлт мәселесін ұдайы талқылап отырған кеңестік билік Бүкілресейлік жұмысшы-шаруа қызыл армия депутаттарының ХІІ съезінде республиканың орталық қаласын қазақ жерінің ішкі аймақтарына ауыстыру мәселесін көтерген-ді. Астананы анықтау жөнінде құрылған арнаулы комиссия Қазақ Автономиялық Кеңестік Республикасының астанасы болуға лайық қалалар қатарында Ақмола, Әулиеата, Шымкент, Ақтөбе, Ақмешіт қалалары аталды. Бірінші Сырдария губерниялық партия конференциясында Қазақстанның астанасы ұлттың ежелгі қонысы – Ташкент қаласы болсын деген ұсыныстар да делегаттар тарапынан көп айтылды.
Астананы Сыр бойына көшірудің тарихи негізі де болды. Ежелден қазақ ұлты үшін Сарысу мен Шу өзендерінің атырабы, Сырдарияның орта және төменгі ағысы бойы атақоныс, өркениет ошағы болып келген-ді. Ортағасырлардағы оғыз мемлекетінің астанасы Жанкент, Ақ Орда мемлекетінің орталығы Сығанақ та осы өлкеде орын тепкен. Жібек жолы бойымен жүріп өтетін трансұлттық сауда керуен жолдары да Сырдың бойында тоғысатын.
Тарихи қисыны қиысып тұрғанымен Ақмешіттің астана болуына да Алашшыл һәм аршыл азамат Сұлтанбек Қожанов қыруар еңбек сіңірді.
Ол 1924 жылғы қазанның 11-інде өткен РК(б)П ОК саяси бюросының мәжілісінде (бұл жиынға Қазақстаннан С.Меңдешов те қатысқан) Қазақстанның КСРО құрамына шарттық негізде кіргізілуін және Қазөлкекомның Қазақстан коммунистік партиясы болып өзгертілуін ұсыныс етіп енгізіпті. Бірақ мәжілісте мына мазмұндағы қаулы қабылданды: «Қырғыз (Қазақ) республикасының КСРО құрамына шарттық негізде кіргізілуіне қарсылық жоқ болғанымен, бұл мәселенің іс жүзіндегі шешімін Қырғыз (Қазақ) республикасының жаңа бастамалар мен жаңа шекаралар жағдайында жұмыс тәжірибесі айқындалғанға дейін шегере тұру қажет деп саналсын және Қазобкомға кеңес органдары арқылы осыған сәйкес қаулыны өткізу ұсынылсын. Қазобкомға бұл мәселені партия ұйымдарында да, партияда жоқ бұқараның арасында да әрі қарай талқылауға жол бермеу жүктелсін. Аталған мәселенің РК(б)П ОК-нің алдын ала мақұлдауынсыз кеңес жолы арқылы талқыға түсуі мен шешілуіне мүлде тыйым салынатынын ескере отырып, бұл істің кеңес бағыты бойынша қалай өріс алып кеткені тексерілсін және кінәлілер партиялық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылсын. Тап осы мезгілде РК(б)П-ның Қырғыз (Қазақ) ұйымының атын Қырғыз (Қазақ) коммунистік партиясы деп өзгерту қисынсыз деп табылсын».
Осының бәріне қарамастан, 1924 жылғы 27 қарашада Сұлтанбек Қожанұлы Қазобкомның, ал 1925 жылғы 19 ақпанда Қазөлкекомның жауапты хатшысы (республикадағы екінші дәрежелі лауазым) болып тағайындалды. Ұлт қайраткерінің сол кездегі бір үлкен еңбегі – астананың Ақмешітке көшуіне мұрындық болуы. Ол Түркістан орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тұрған уақытында – 1922 жылғы 12 сәуірде арнайы қаулы шығарып, өзі тарихи атауын қайтарып берген Ақмешіт қаласын ел кіндігі етуге күш салды. «Қазақтың астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан, қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ ұлты жұртшылығына жуық болуы керек. Қазақ ұлт мемлекетшілігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса өз ордасы болуы керек. Орынбордан көшпей, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбекшілерінің көпшілігінің қамына керекті шаралар іс жүзінде істелуі қиын», деп жазды.
Сұлтанбектің осындай қайраткерлігінің арқасында астана Ақмешітке ауысты. Бақалықопада бой көтерген қала осылайша Қазақ елінің астанасы атанды. Қазақ ордасы атанғанмен ормандай орыс ортасы Орынбордан Ақмешіттің айырмашылығын Қожановтан асырып айтамыз деу айып болар. Ұлтының бағына туған азаматтың арқасында қазақтың қаймағы ұйыған Қызылорда қаласы бақандай төрт жыл ел ордасы атанды. Қазақ үшін қай байтағының да бағасы бөлек, әйтсе де Алатау баурайындағы Алматы мен Арқа төсіндегі Астананың алдында Ақмешіт тұрғанын әсте естен шығармауымыз керек.
1925 жылғы 15-19 сәуір аралығында Қазақ кеңестерінің V съезі болып өтті. Оған төрағалық еткен Сұлтанбек Қожанұлы күн тәртібіне екі мәселе енгізді де, біріншіден, делегаттардың бірауызды шешімімен ұлтымыздың «қазақ» деген шын атауы қайтарылды, екіншіден, сол кісінің ұсынысы бойынша Ақмешіт қаласының аты «Қызылорда» болып өзгертілді.
Осы жылдары қала халқының саны 22 мыңға жетті. Алаш қайраткерлері жаңа астанада қоғамдық-саяси һәм мәдени орта қалыптастыруға барын салды. Кейінірек ақын Сырбай Мәуленовтің Алаштың Ақмешіті жайлы «Сәкен бәтеңкесінің ізі қалған» деп жазатыны да осы кезең оқиғалары еді. Жалғыз Сәкен емес, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар, Сәбит, Ғабиден, Ғабит секілді қаламгерлердің ұлт әдебиетінің қорын байытқан жауһар шығармаларының негізі осы Сыр бойында қаланды. Бас-аяғы төрт жыл ішінде жаңа ордада үлкен рухани орта қалыптасты. Қызылордаға елдің әр түкпірінен жиналған өнерпаздар 1926 жылы Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасын тұңғыш рет сахналады. Осылайша Ақмешіт театр өнері тұңғыш шымылдық түрген қалаға айналды. Сол күні көрермен алдына шыққан Әміре, Құрманбек, Серке, Жұмат уақыт өте келе ұлт руханиятының қабырғалы қайраткерлеріне айналды. Ұлттық сананы қалыптастыруда төрт ғасырға бергісіз төрт жыл қисық көшелі шағын шаһарға үлкен өзгеріс әкелді.
Астана атанған қалада жаңа өмір арнасы ашылды. Қалалық атқару комитеті 1925 жылы 30 мамырда барлық мемлекеттік мекемелерге, кооперативтік және басқа да ұйымдарға мөр, мөртабан, мекеме маңдайшаларындағы атауын 1 ай көлемінде «Қызылорда» деп өзгертуді міндеттеді. Көп ұзамай Қазақстанның жаңа астанасы Қызылорданы абаттандыру жұмысы басталды.
Алғашқы жаңалықтардың қатарында әуе қатынасы мен байланыс жүйесі іске қосылды. 1926 жылы маусым айында аспанға тұңғыш рет Қызылорданың құмды алаңынан ұшақ көтеріліп, Мәскеу қаласына бет алды. Бұл ұшақ Қазақ Республикасының астанасы Қызылордадан Мәскеуге әуе жолын ашты. Бұл халыққа жаңалық, қуаныш болды. Екінші үлкен оқиға сол жылы тамыз айында теміржол клубынан басталды. Осы күні қалада тұңғыш рет радио жүйесі іске қосылды. Қаладағы алғашқы электр стансасы 1925 жылы салынып, келесі жылы пайдалануға берілді. Сол жылы 45 орындық қалалық аурухана, сыра зауыты, жазғы парк пен кинотеатр іске қосылып, қаланың ирригациялық жүйесі қалпына келтіріліп, ағаш егілді.
1925-1926 жылдары Қызылордада өндіріс орындары іске қосыла бастады. Кілем тоқитын фабрика, макарон және кондитер өнімдерін шығаратын «Трудовик» артелі, қалаіргелік ауыл шаруашылығы коммунасы пайда болды. Білім беру институты, кеңес-партия мектебі, медицина, қаржы, көлік-механикалық, геоботаникалық сала мамандарын дайындайтын техникумдар ашылды. Тұңғыш театрмен қатар «Еңбекші қазақ», «Советская степь» республикалық басылымдары шыға бастады.
Екі съездің арасындағы төрт жыл Қызылорданың қалыптасу кезеңі болды. Алайда Орталық Азия мен Қазақстан арасындағы саяси-экономикалық, тарихи аражіктің ажырауына байланысты 1927 жылдың 29 сәуірінде Бүкілодақтық Халық Комиссарлар Кеңесі Қазақстан астанасын Қызылордадан Алматыға көшіру туралы Жалпықазақстандық VІ съезінің шешімін бекітті.
Көрген көзді тойдырар Іле Алатауының теріскей бөктерінде сонау орта ғасырдың басында атырабында алманың иісі аңқыған Алмалық атты қала болған. ХІХ ғасырда Алмалықтың ежелгі қонысына орыс отаршылары Верный атты әскери бекініс салды. Ендігі астана – 1921 жылдың 14 наурызында Кеңестік Түркістан Автономиялық Республикасы атқару комитетінің шешімімен тарихи атын қайтып алған Алматы қаласы. Съезд шешімі 1929 жылдың мамыр айында ресми түрде іске асырылды.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ