Сыр жағалауында қанат жайған Қызылорда жыл өткен сайын көркейіп, қарыштап дамуда. Экономикалық даму көрсеткішінің өсуі - халықтың тұрмыс-тіршілігінің күннен-күнге жақсарып келе жатқанының кепілі. Қаладағы әсем де биік ғимараттар өңірдің оң имиджін қалыптастыруына серпін беріп отыр. Мұның барлығы - жүйелі әрі нәтижелі жұмыстың жемісі.
Қуантарлығы, екі жүз жылдық тарихы бар Қызылорда құрылыс қарқындылығы жағынан алдыңғы орында тұр. Сырдарияның сол жағалауында бой түзеген ғимараттар мен тұрғын үйлер ел игілігіне беріліп, қаламыздың көркеюіне жол ашу - биылғы жылдың басты міндеті.
Тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерін дамытуға мемлекеттік бюджет есебінен барлығы 4,7 млрд. теңге қаржы бөлініп отыр. Оның ішінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысына - 1,8 млрд. теңге, ал инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жобаларын іске асыруға 2,9 млрд. теңге бағытталған. Бұл қаржы сол жағалауда орналасқан екі 45 пәтерлік, 60 және 70 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйлердің, Сырдария ауданы Тереңөзек кентінде 24 және 18 пәтерлі тұрғын үйлер құрылысы және облыс көлемінде 17 жоба бойынша инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылыстары жүргізілетін болады.
Қарап отырсақ, ел игілігі үшін атқарылып жатқан бастамалардың барлығы өз уақытында жоғары көрсеткіш беруде. Аймақтағы оң өзгерістер облыстың гүлденуіне, ел экономикасының орнығуына, халық тұрмысының түзелуіне себепші болмақ.