Сырдария ауданында кәсіпкерлікке қолдау көрсетудің нәтижесінде ауылдық жерлерде өндіріс орындары көбейіп келеді. Бүгінде Қалжан ахун ауылында құрылыс саласына қажетті өнім шығаратын цех тұрақты жұмыс істеп, жергілікті нарықты сапалы материалдармен қамтамасыз етуде.
![]()
Қазіргі таңда цехта әртүрлі қоршау материалдары мен құм блоктары өндірілуде. Өндіріс орны тәулігіне 1000 дана құм блок шығаруға қауқарлы. Бұл өз кезегінде құрылыс материалдарына деген сұранысты өтеуге мүмкіндік береді.
Кәсіпкер алдағы уақытта өндіріс көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр. Өндірістік бағыттағы мұндай жобалар ауыл экономикасын дамытуға, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға оң ықпал етуде.
Сырдария ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар нәтижесін беруде. Соның бірі - 2024 жылы кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелген «Ханкелді» жеке кәсіпкерлігі.
Кәсіпкерлік нысаны нан және нан өнімдерін өндірумен айналысады.
Бүгінде кәсіпорында түрлі нан өнімдері дайындалып, аудан тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді өнім ұсынылуда. Өндіріс орны жергілікті нарықты отандық өніммен қамтып қана қоймай, тұрақты жұмыс орындарын ашуға да үлес қосып отыр.
Мұндай өндіріс орындары өңір экономикасын әртараптандырып, ауыл кәсіпкерлігінің дамуына серпін береді.
Сырдария ауданында орналасқан «Қызылорда-Жалағаш» облыстық маңызы бар автомобиль жолының 47,9 шақырымындағы көпірге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.Жоба көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, жол инфрақұрылымының сапасын жақсартуға бағытталған маңызды нысандардың бірі саналады.
1985 жылы салынған көпір бүгінде толық жаңғыртудан өтуде. Жоба аясында көпір конструкцияларын күшейту, кірме жолдарды реттеу және көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасау жұмыстары қарастырылған. Көпірдің жалпы ұзындығы - 30,43 метр болса, кірме жол ұзындығы 710 метрді құрайды. Сонымен қатар, құрылыс кезеңінде көлік қозғалысын үзбеу мақсатында ұзындығы 788 метр болатын айналма жол салынған.
Қазіргі таңда нысанда қада қағу жұмыстары толық аяқталып, бетон құю, автомобиль жолына құм-қиыршықтас қоспасын төсеу және нығыздау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ айналма жолға қажетті жол белгілері орнатылған.
Аталған жоба өңірдегі көлік қатынасының сапасын арттырып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіз әрі ыңғайлы қатынауына мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау жоспарланып отыр.
Сырдария ауданындағы Тереңөзек кентінде жол сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Биыл кенттегі бірқатар көшелер күрделі жөндеуден өтіп, тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз жол инфрақұрылымын қалыптастыру жұмыстары қолға алынған.
Қазіргі таңда Қазақ 1,2, Наурыз, Жастар, А.Иманов, Ж.Жамбыл және Ш.Құндызбаев көшелерінде жолдарды тегістеу мен қиыршық тас төсеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, А.Құнанбаев, Ғ.Мұратбаев 1,2 және Ж.Құттыбаев көшелері де жоба аясында күрделі жөндеуден өтеді.
Жалпы ұзындығы 3,8 шақырымды құрайтын көшелерді жаңғырту жұмыстары тұрғындардың күнделікті қозғалысына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, көлік қатынасының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Жоба аясында жол жамылғысы жаңартылып, жол табаны нығайтылады.
Инфрақұрылымды жаңғырту - елді мекеннің дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттырудағы маңызды бағыттардың бірі. Тереңөзек кентіндегі жол жөндеу жұмыстары да осы міндеттерді жүйелі іске асыруға негізделген.
Сырдария ауданында инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Соның ішінде Ақжарма ауылын табиғи газбен қамту жобасы - тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.
Қазіргі таңда ауылдағы құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізіліп, нысанның дайындық деңгейі 90 пайызға жеткен. Жоба аясында жалпы ұзындығы 53,6 шақырым газ құбыры тартылып, 545 тұрғын үйге көгілдір отын желісін қосуға мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ газ реттегіш шкаф пункттерін орнату жұмыстары да кезең-кезеңімен атқарылуда.
Бүгінде Сырдария ауданында Тереңөзек кенті мен бірқатар ауылдар табиғи газдың игілігін көріп отыр. Ал Ақжарма ауылын газға қосу ауданның газбен қамту көрсеткішін 50 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Табиғи газ - тұрғындар үшін тек тұрмыстық қолайлылық қана емес, экологиялық және әлеуметтік тұрғыдан да тиімді ресурс. Әсіресе қыс мезгілінде көмір мен отынға тәуелділікті азайтып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Сондықтан Ақжарма ауылындағы бұл жоба өңір инфрақұрылымын жаңғыртудағы нақты қадамдардың бірі ретінде бағалануда. Нысанды биылғы жылдың маусым айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
– Ақжарма ауылын газдандыру жобасының келісімшарт құны – 1 млрд 875,7 млн теңге. Жобаға 2025-2026 жылдарға республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Қазіргі уақытта мердігер мекеме «Алия Сервис» серіктестігі газ реттегіш пункттерін орнатып жатыр. Тапсырыс беруші – аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, техникалық қадағалаушы – «Aisar-Group» компаниясы, авторлық қадағалаушы – «Мекен және компания» толық серіктестігі. Бүгінде құрылыс жұмысының 90 пайызы аяқталды. Нысанды алдағы маусым айында пайдалануға беру жоспарланған, – дейді аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетов.
Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Алмат Сәдуақасовтың сөзіне сүйенсек, бизнестің өркендеуіне айрықша көңіл бөлініп, қолдау жасалып отыр.
– Ауданда 2368 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, онда 4,5 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылған. Жыл басынан бері 42 жобаны жүзеге асыру мақсатында жеңілдетілген шартпен несие берілді. Қаржылай қолдау «Кең дала», «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламалары аясында Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы мен екінші деңгейлі банктер арқылы бағытталады, – дейді ол.
Бөлім басшысы 2029 жылға дейін құны 1,7 трлн теңге болатын ауқымды 6 жобаны жарыққа шығару жоспарланып отырғанын атап өтті. Оның қатарында тауарлы сүт фермасы мен қуаттылығы 1100 МВт болатын бу-газ электр станциясы жобалары бар. Сүт фермасын 2027 жылы іске қосу жоспарланған. Ал «Қызылорда Энерджи» ЖШС ұсынған станция үшін аумағы 250 гектар жер телімі белгіленді. Нысан құрылысы биыл басталып, 2029 жылы қолданысқа берілмек.
Ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеретін келесі жоба – жүгеріні терең өңдеу зауыты. Бұл бастама агроөнеркәсіпті тек шикізат өндірумен шектемей, қосылған құн қалыптастыруға мүмкіндік береді. Зауыт іске қосылған жағдайда 500 жаңа жұмыс орны ашылып, ауылдық жерлердегі әлеуметтік тұрақтылыққа оң әсер етпек.
Болашағы зор жобалардың тағы бірі ретінде «Kyzylorda Septem Energy Ltd.» серіктестігінің сұйытылған табиғи газды өңдеу жобасын айтуға толық негіз бар. Жобаны жүзеге асыру үшін Қытайдан инвестиция тартылады. Одан бөлек алкогольсіз сусын, құс фермасы өндірістері де аудан экономикасына серпін бермек.
– Біз кәсіпкерлерді барынша жан-жақты қолдауға тырысамыз. Бизнесін сәтті жүргізіп келе жатқан кәсіпкерлік нысандары аз емес. Дегенмен, аудан орталығында тойхананың қажеттілігі айқын сезіледі. Жергілікті тұрғындар қуанышын кең көлемде атап өту үшін әзірге облыс орталығына немесе Жалағаш кентіне баруға мәжбүр, – дейді Алмат Сәдуақасов.