Республикалық «Көктем-2015» командалық штабтық оқу-жаттығуы Қызылордада өтті
2015 жылғы 12-13 наурызда Қызылорда облысы аумағында «2015 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын даярлау» тақырыбында «Көктем–2015» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді.
«Көктем-2015» РКШОЖ ұйымдастыруға ҚР ІІМ ТЖК-нің өңірлік аэромобильдік жасағы, суда құтқару қызметі, өрт сөндіру және авраиялық құтқару қызметі, Апат медициналық орталығы бригадасы, сондай-ақ жергілікті АҚ және ТЖ құрылымдары, облыстық, қалалық төтенше жағдайлардың алдын алу мен оны жою комиссиясының төрағасы мен мүшелері, мемлекеттік органдар және аудан әкімшілігі өкілдері қатыстырылды. Оқу-жаттығу барысында көктемгі кезеңдегі су тасқыны уақытында күштер мен құралдардың, сондай-ақ, гидротехникалық құрылғылардың, көліктік коммуникациялардың, құлақтандыру жүйесінің төтенше жағдайларға әрекет етуі тексерілді.
Су тасу кезеңіне дайындық және оқу-жаттығу үшін су басу қаупі бар аумақтардың, су өткізу орындарының, селге қарсы және басқа да инженерліке құрылғы қорғанысының, суда жүзу құралдарының саны нақтыланды. Жанар-жағар май, азық-түлік, дәрі-дәрмек, палаткалар қоры толықтырылды. Аудандық және облыстық әкімшіліктерде тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылды. Қар еруі және өзеннің ағысы тұрақты бақылауда болды. Гидротехникалық нысандардың жағдайы тексерілді, су өткізетін құрылғылардың, жолдардың сеңнен, мұздан, қардан және қоқыстан тазартылуы қадағаланды. Қажеттілігіне қарай қорғаныс бекеттері, плотиналар және үйілген үйінділер нығайтылды.
Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу екі кезеңнен болды. Бірінші кезеңде жағдайдың талдауы, шешім қабылдау үшін ұсыныстар, жоспарлау нұсқалары, көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайды жоюдың мемлекеттік жүйесі дайындалды, Оқу-жаттығу барысында 2015 жылдың 12 наурызында 10 сағат 00 минут шамасында Қызылорда қаласы Астана даңғылында Қызылорда облысы әкім аппаратының басшысының орынбасары Р.Ормағамбетовтің қатысуымен азаматтық қорғаныс және облыстық авариялық құтқару құрылымдары және күш-құралдарының дайындығын қарау өткізілді.
Екінші кезеңде құтқару және басқа да кезек күттірмес жұмыстардың жүргізілуі тәжірибе жүзінде сыналды. Қызылорда қаласы Талсуат елді мекенінде авариялық құтқару құрылымдары мен күш-құралдарының дайындығын шыңдау мақсатында арнайы тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Су тасқыны кезеңінде және елді мекенге қауіп төну жағдайында төтенше жағдайлар департаменті авариялық құтқару бөлімшелерінен 39 әрекет ету құрылымдарын, оның ішінде 793 адам мен 211 техника бірлігін құрды. Олар су басу қаупі бар елді мекендерде болып әрекет ету үшін дайындықта болды. Облыс аумағын зерделеу және құтқару жұмыстары мақсатында тікұшақ кезекшілікте болды.