"Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы түсіндірілді
Қызылорда облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Арал аудандық филиалының мамандары кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының жүзеге асырылу жайына және аталмыш бағдарламаның жаңа бағыттарын түсіндіруге арналған кеңес өтті. Жиынға жеке кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Өңірімізде бүгінде орта кәсіпкерлікті, өндірісті дамыту жөнінде нақты шаралар жүзеге асыру жұмысы қолға алынған. Соның бірі - осы бағдарлама.
«Бұл бағдарлама еліміздің индустриялдық-инновациялық дамуына тікелей әсер етеді. Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауында атап көрсеткендей, 2020 жылы ІЖӨ-нің басым бөлігі осы орта және шағын бизнестен түсуі керек. Сондықтан бұл бағытта бағдарлама жұмыс істеуде, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жеңілдіктер жасалуда және әкімшілік кедергілерді азайту бағытында шаралар алынуда, - деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Арал аудандық филиалының директоры Қадірхан Еңсепов өз сөзінде.
Ақмарал Махамбетова аталмыш бағдарламаның төрт бағытының бірінші бағыты бойынша кеңінен түсінік берді. Бұл бағытқа қатысушылар экономиканың басым салаларында инвестициялық жобаларды іске асыратын және іске асыруды жоспарлап отырған кәсіпкерлер болуы мүмкін. Банктердің несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау жаңа жобаларды жүзеге асыруға, өндірісті жаңғыртуға және кеңейтуге бағытталған жобаларды іске асыруға берілетін жаңа несиелер бойынша жүзеге асырылады. Субсидиялау жүзеге асырылатын несие шамасы бір қарыз алушы үшін 3 млрд. теңгеден аспауы тиіс.
«Арал қаласы моно қала санатында болғандықтан, субсидиялау барысында банктердің 14 пайыздық сыйақы мөлшерлемесінің 4 пайызын кәсіпкер, ал қалған 10 пайызын мемлекет өзі өтейді», - деп түсіндірді кәсіпкерлер палатасының аудандық филиал кеңесшісі А.Махамбетова. "Субсидиялау мерзімі кейіннен 10 жылға ұзарту мүмкіндігімен 1 жылдан 3 жылға дейін. Кәсіпкер кемінде 15 пайыздық өзіндік үлесімен жобаны жүзеге асыруға қатысуы тиіс. Кәсіпкердің салық және зейнетақы төлемдерінен қарызы болмағаны жөн. Ол өзінің жобасымен банкке барып, одан оң жауап алса, бағдарламаның үйлестірушісіне жолығады. Содан кейін бұл жоба аймақтық үйлестіру кеңесінің қарауына жіберіліп, талқыланады".
Сонымен қатар, жиын барысында ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер өздеріне көрсетілетін бағдарламалық қолдау жобаларына қанық болды. Атап айтқанда, «Бизнес кеңесші жобасы», жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлерге арналған сервистік қолдау көрсету, «Іскерлік байланыстар» жобасы, «Аға сеньерлар»- жобасы, «BAS»бағдарламаларымен танысып, түсіндіру жұмыстарын жүргізген кеңесші Махамбетова Ақмаралға алғыстарын білдірді.
Басқосуда Қадірхан Еңсепов кәсіпкерлерді мемлекет тарапынан беріліп отырған жеңілдіктерді пайдалануға, бағдарламаның тек бір бағытымен шектелмей, өзге де бағыттарына белсене қатысуға шақырды.