Биыл бірінші рет қыркүйек айында Қызылордада ауыл кәсіпкерлерінің форумы өткізіледі. Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша өткен мәжілісте айтылды.
Аймақта белсенді кәсіпкерлердің 80 пайызы Қызылорда қаласында болса, қалған 20 пайыз аудандарға тиесілі. Сол себепті де ауылдық жерлерде кәсіпкерлер санын көбейту керектігі айтылды. Өткен жылы ауыл кәсіпкерлерін қолдау мақсатында 53 млрд. теңге бөлінген.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов 2014 жылы бизнесті дамытуға бағытталған шаралар туралы баяндады. Өткен жылы өңірге мемлекеттік бағдарламалар аясында 17 млрд. теңге бөлінгенін айтады. Оған мыңнан астам жоба қаржыландырылған. Ал, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға былтыр 1 млрд. 445 млн. теңге қаралған. Аудандарда бұл бағыт бойынша жалпы құны 142 млн. теңгені құрайтын 10 жоба субсидияланды, - дейді Серік Қожаниязов.
Аймақтың әлеуетін арттыру үшін отандық өнімді экспортқа шығару маңызды. Осы орайда өңірдің негізгі дақылы саналатын күрішті эксспорттап, ет өнімдерін шетелге шығару жолдарын қарастыру сөз етілді. Негізінен, Қызылорда облысында ауылшаруашылық өнімдерін әртараптандыру жүйелі жүргізілуде. Осының нәтижесінде негізгі дақыл бойынша рекордтық өнім алынды. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен басқа да дақылдарды егуге жағдай жасалуда. Оларға берілетін субсидияның көлемі де ұлғайған. Енді күріштен басқа бақша дақылдарын еккен кәсіпкер мемлекеттің зор қолдауына ие болмақ. Бақша дақылын кәдімгі суармалы әдіспен еккен адамға тиесілі субсидиясы төленсе, ал тамшылатып суару әдісін қолданған еңбек адамына берілетін субсидия көлемі едәуір. Сондай-ақ, жиында мал шаруашылығын дамыту да сөз болды. Қазір облысты буферлік аймақтан шығару үшін жұмыстар атқарылып жатыр. Егер бұл жоспар биыл жүзеге асатын болса, жылына 100 мың тонна ет экспортқа шығарылады деп жоспарлануда.
Өңірлік кәсіпкерлік палатасының директоры Руслан Досмаханов ауылда кәсіпкерлікпен айналысуға ниеттілердің көбісінің тәжірибесі аз дейді. Сонымен қатар, нақты жұмыстарды жүзеге асыра алмауларына олардың жаңа технологияны әлі меңгере қоймағандығы да әсерін тигізіп отырғандығын тілге тиек етті.
«Кәсіпкерлікті және туризмді дамытудың «Жол картасы» дайындалды. Алдағы онкүндікте бекітілетін болады. Осы Жол картасы аясында ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту жолға қойылмақ. Ол үшін облыстық бюджеттен қажетті қаражат бөлініп, тиісті қолдау көрсетілетін болады» - деді облыс әкімі. Сондай-ақ, аймақ басшысы биыл бірінші рет қыркүйек айында ауыл кәсіпкерлерінің форумын өткізуді ұсынды.