Өткен ғасырда қазақ жұрты ашық-шашық жүретіндер мен жезөкшеліктің қазіргідей қанат жайғанына куә болған емес.
Рас, пойызбен сапарға шыққан бірен-саран адамдар саудагерлердің қолында жүретін жалаңаш суреттер бейнеленген карталарды көріп қалатын. Бірақ оларды тәртіп сақшылары ұстап алса, екінші мәрте ұят тірлік жасамайтынына кепілдік беріп құтылатын. Қазір ше?
Порнография – тәуелсіздікпен бірге келген дерт. Мұның өзі ертедегі гректердің «жезөкше, жазу, суреттеу, бейнелеу» деген сөзінен шыққаны былай тұрсын, өте арсыз құбылыс екендігін екінің бірі елемейтін деңгейге жеттік. Көркем шығармаларда кестеленіп, суреттер арқылы сананы улаған ұятсыздық бүгінде жат құбылыс саналмай барады. Мұны Батыс пен мұхиттың арғы бетіндегі «мәдениеттанушылар» өнердің бір бөлігіне қосып қойды.
Адамзат пайда болғалы жат құбылысқа жаны ашыған мемлекет басшылары, шіркеу қызметкерлері адамды азғыратын әрекеттерге ұдайы қарсы шығып келеді. Бірақ жаудың беті жаман. Жыл өткен сайын тасты басқан қынадай қаптап барады. Грекия мен Римде көшелердегі жалаңаш ескерткіштерді ел мұрасы санағандар «эротиканың ешкімге зияны жоқ» деген пікірді тықпалаудан тайынған емес. Өйткені мұның арғы жағында порнобизнес жатыр.
Естеріңізде ме, бір кездері Қазақстанда сауда дүңгіршектері түгілі, көшелерде де анайы суреттерімен жастардың назарын аудартқан журналдар, газеттер қаптап кеткені. Тіпті күнтізбелерде, ашықхаттарда бейнеленген суреттер, майлы бояумен салынған картиналар көшеде еркін жүруден қалдырған. Тіпті оқушылардың сөмкелерінен де табылатын сол суреттердің 90 пайызы нарықтан ығыстырылды. Одан соң эротикалық кинолар басталды. Аттан салып жүріп, ауылдағы бейкүнә баланы да бұзған киноларды да азайтқан секілдіміз. Алайда бұл бизнестің алаңдататын тұстары аз емес.
Порнографияның парасатты ойдың өзін бұзып, халықты азғындық жолға түсіретіндігін білгендер ертерек қам жасаған. Айталық, 1857 жылы әлемде алғаш рет Ұлыбритания парламенті заң қабылдап, порнографияға тыйым салған. Бұдан соң «жүрісі түзелген ағылшындар көбейді» деуге болмас. Себебі арсыздық ауру секілді елді іштей ірітті. Отбасылық құндылық дегеннің құруы да осыдан басталған.
Порнографияны ұзақ уақыт көру адамға кесірін тигізеді екен. Мұны ғалымдар дәлелдеген. Нәпсісіне ие бола алмағандар кез келген жерде кез келген әрекетке барады. Діндарлар мұның адамдар арасындағы сыйластықты бұзатынын айтады. Соған қарамастан, Батыстың бірқатар елдері жеңіл-желпі порнографияны тамашалауға 16 жастан асқан азаматтарға рұқсат етіп отыр. Ал Сауд Арабиясы, Иран, Сирия, Бахрейн, Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Малайзия, Индонезия, Сингапур секілді мұсылман мемлекеттері, сондай-ақ Кения, Үндістан, Куба, Қытай жалаңаш суреттерді ойға да алмауды заңмен шегелеп тастаған.
Бірақ қазір жан дүниені бұзатын жаудың іс-қимылы мен әрекеті де өзгерген. Енді порнографияңыз да, эротикаңыз да интернетке көшкен. Осылайша, интернет игіліктің көзі ғана емес, иттік жасаудың да көзіне айналды. Кабельді телеарналарда анайы киноны жазылу арқылы көресіз деген бос сөз. Эротикасыз кино болмайды. Ал ғаламтор қалаған киноңызды да, суреттеріңізді де демде алдыңызға тоса қояды. Тіпті қажетті нәрсеңізді іздеу үшін де отыра қалсаңыз, опасыз тірлік қылаң береді. Қазіргі кезде Австралия, Ұлыбритания, АҚШ секілді 33 мемлекет балаларға залалын тигізетін порнографиялық суреттерді жасауға, сақтауға, сатуға қатаң шектеу қойған. Бірақ дәл осындай тыйым интернеттерінде бар ма екен?
Қадағалауы күшті Қытайда тұрғындар порно қараудан әлемде жетекші орында келеді. Бұл туралы «Gizmodo басылымы PornHub» порносайты хабарлаған. Қытай жұрты порноны орта есеппен күніне 14 минут 34 секунд көреді. Дәл осындай қызығушылығы күшті елдердің көш басында Филиппиндер, Непал, Оңтүстік Корея, Нигер, Буркина-Фасо, Бенин, Камерун, Сенегал, Ботсвана және Мадагаскар тұр. Бізге арсыздық алдымен көршілерімізден төніп тұрғаны ақиқат. Осы орайда Ресей халқы 7 минут 46 секунд көрсеткішпен бесінші орында тұрғанын да айта кеткеніміз орынды.
Әлемдегі ең ірі порносайттарға күніне 20 миллионнан астам адам кіреді. Өкінішке қарай, «мемлекет үшін маңдай терін төгіп жүр» деген шенеуніктердің өзі қолы қалт етсе, соңғы үлгідегі қалта телефондары арқылы порносайттарды тамашалайды. Бұған мысал да бар. Жақында бразилиялық депутат Жоао Родригес парламентте ұялы телефонынан порно көріп отырған жерінен ұсталғанын әлемдегі барлық ақпарат құралдары сүйінші сұрай хабарлады. Әлеуметтік-демократиялық партияның өкілі электрондық сайлау реформасының пікірталасында отырып, порноны әріптестеріне де көрсеткен. Халықтың қалаулы азаматтары сөйтіп жүргенде, өзгелер не істемейді?
Қазақстандықтар да қарап жүрген жоқ. Порнография мен эротика елді бұзып жатыр. Көше мен қонақүйлерді босатпайтын бикештер тірлігінің төркіні де ғаламторда жатыр. Осыған қарсы тұруды көздеген шаралар да қолданылуда. Дегенмен...
Айталық, осы мезгілге дейін 500-ге жуық порносайт жабылған. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне Қазақстанның интернет-қауымдастығының жетекшісі Шавқат Сабыров айтты.
Порнографиялық сайттарды жабу үшін Астананың Есіл аудандық сотының 12 шешімі қажет болған, яғни барлық 486 сайт бір шешіммен жабылмаған. «Мемлекеттік өкілетті орган аталған сайттарда порнография бар екені туралы талап арыз береді, содан кейін оған соттың шешімімен тыйым салынады» деп түсіндіреді Сабыров мырза.
Өткен жылы шілдеде басталған бұл бастама «түпкі мақсатына жетті» деу қиындау. Себебін жоғарыда айттық. Мұны халық қалаулылары да жоққы шығармайды. «Интернетте сіз кез келген бағдарламаны аша аласыз, айталық, сізге қажетті сөздік дейік. Сол кезде сіздің алдыңызға бірден порносайттың мекенжайы ашылады, солай емес пе? Бұл жайт балалардың назарын аударады, әрине, оларға кері әсер етеді. Сол сияқты, көрсетіліп жатқан фильмдерді алайық... «Балаларды олардың денсаулығы мен дамуына нұқсан келтіретін ақпараттардан қорғау туралы» заң жобасында ұғымдар мен жас ерекшеліктері нақты көрсетілген» дейді депутат Гүлмира Исімбаева.
«Балалар кіретін ресурстарды порносайт сілтемелерінен неге тазартпасқа?» деген сауалға ол: «Біз бұл мәселені қарастырып жатырмыз, ол – өте күрделі мәселе, заң жобасын жасаушылар ретінде біз оны жақсы түсінеміз» деп жауап берді.
Тағы да өкінішпен айтылар мәселе, іздеген нәрсеңізді табу үшін алдымен «порноны бір көру әдеті» тоқтаған жоқ. «Қазақтелеком» өкілдері соттың шешімімен заңға қайшы ақпараттары бар сайттарға қосылудың шектелетінін түсіндіргенімен, IP-мекен-жайларын ауыстырған кейбір порносайттар әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр дейді мамандар.
«Хостинг-провайдерлер сайттардың IP-мекенжайларын ауыстырып отырады, соның салдарынан тыйым салынған ресурстар уақытша болса да қолжетімді күйінде қала береді. Сот шешімі шығарылған IP-мекенжайлар анықталған жағдайда «Қазақтелеком» АҚ желілерінде түзетулер жүргізіледі» дейді «Қазақтелеком» АҚ қоғаммен байланыс жөніндегі қызметінің жетекшісі Юлия Исакова.
Қалай десек те, қарнымыз ашатын көріністер, жалған уәде көп. Балалар үшін бәрі таңсық. Олар үшін интернет деген – әлемді аралау. Сондықтан кейде қызығушылықтың қалай құртатынын, сананы қалай улайтынын балалар біле бермейді. Бір мысал, Ақтаудағы кейбір мектептерде порнографиялық және экстремистік мазмұндағы сайттарға еркін кіруге болатындығы туралы Lada.kz басылымы қызықты ақпарат жариялады. Прокурорлар бір жыл тексеру барысында кейбір мектептерде интернет «сүзгісі» жоқ екені анықталған. Білім беру бағдарламасынан тыс сайттарға, соның ішінде, экстремистік және порнографиялық сайттарға шектеу қойылмаған.
«Бұл мектептерде орташа есеппен 850-900 бала оқитынын, ал информатика пәнін оқытушылар біреуден үш адамға дейін екенін ескерсек, оқушылардың қандай сайттарды қарайтынын, нені оқып отыратынын бақылау мүмкін емес» дейді қала прокуроры Талғат Әлібаев.
Қазақстанда дамыған мемлекеттердің (АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, т.б) тәжірибесі бойынша мәжілісмендер қолға алған «Балаларды олардың денсаулығы мен дамуына нұқсан келтіретін ақпараттардан қорғау мәселелері бойынша Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жасалып жатыр дейді білетіндер. Заң жобасында интернет желісіне қолжетімділік қызметін ұсынатын байланыс операторларында балалардан олардың денсаулығы мен дамуына нұқсан келтіретін, соның ішінде, порнографиялық сипаттағы ақпараттарды шектейтін техникалық және бағдарламалық мүмкіндіктердің болу міндеттілігі қарастырылады. Мұндай техникалық және бағдарламалық мүмкіндіктерді қолдану абоненттің келісімімен іске асырылады. Интернет желісіне қоғамдық қолжетімділік қызметін ұсыну кезінде техникалық және бағдарламалық мүмкіндіктерді қолдану абоненттің келісімінсіз міндетті түрде іске асырылады.
Айтары жоқ, жақсы әрі дұрыс бастама. Бірақ заң іске қосылғанша да балалардың бір бөлігі арсыздық пен ұятсыздықтың отына күйіп барады.
Жолдасбек Дуанабай